Ехобаны күн сайын мадақтаңдар
1. Құдайдың қызметшілері нені қалайды және неге?
1 Дәуіт патша Ехобаны “күн сайын”, тіпті мәңгі мадақтағысы келген (Заб. 144:2, 7, 21). Бізде де Ехобаны күн сайын мадақтауға келелі себептер бар (Заб. 36:10; 144:14, 18; Пет. 2-х. 3:13).
2. Қалай отбасылары күн сайын Ехобаны мадақтай алады?
2 Үйде. Күнделікті тармақты талқылағанда, қауым кездесулеріне дайындалғанда және отбасылық ғибадат кезінде қолданатын әрі рухани нығайтатын мәлімет бізде жетіп артылады. Көптеген отбасы, кем дегенде, күніне бір мәрте бірге тамақтануды әдетке айналдырған. Осының арқасында олар асықпай, еркін отырып рухани тақырыпқа әңгімелесіп, Ехобаны мадақтай алады. Осындай әңгімелер ата-аналарға балаларын “ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты” тәрбиелеуге көмектеседі (Ефес. 6:4; Заң. қ. 6:5—7).
3. Бауырластармен бірге болған кезде қандай мүмкіндік туындайды?
3 Бауырластармен бірге. Уағыздап жүргенде немесе қауым кездесулерінде бауырластармен бірге Ехобаны мадақтауға керемет мүмкіндік бар (Нақ. с. 15:30; Філіп. 4:8; Евр. 13:15). Барлығымыз да Ехобаны жақсы көретіндіктен, әңгімелесу барысында оның ізгілігі үшін мадақ сөздер айту бізге қиын болмаса керек (Заб. 105:1).
4. Қандай жағдайларда Ехобаны мадақтай аламыз?
4 Өзгелермен сөйлескенде. Уағыз ісіне күнделікті қатыса алмасақ та, бірге жұмыс істейтін адамдарға, сыныптастарымызға және жолыққан басқа адамдарға Ехоба мен оның еркі туралы қысқаша куәлік бергеніміз ақжүректі адамдардың үмітке ие болуына көмектеседі (Заб. 26:14; Пет. 1-х. 3:15). Бір әйел бауырлас ұшақта жанында отырған кісіге уағыздайды. Естігендерінен керемет жұбаныш алған ол кісі бауырласқа мекенжайы мен телефон нөмірін беріп, олар үнемі байланысып тұратын болды. Күн санап қиындап бара жатқан қазіргі уақытта Ехобаның халқы тыңдауға ықылас танытқан адамдарға бақыттың жақсы хабарын талмай жеткізуде. Осының арқасында олар да үмітке ие болып, Ехобаны мадақтауда (Ишая 52:7; Рим. 15:11).
5. Біз неге Ехобаны мадақтауды қалаймыз және мұның нәтижесі қандай болуы мүмкін?
5 Қызметшілерінің өзін күнделікті мадақтап жүргені Ехобаны қаншалықты қуантады десеңші! Оның көзге көрінетін жаратылыстары сияқты, біз де күн сайын үйде, қауымда және басқа адамдармен сөйлескенде Ехобаның атына мадақ әкеле аламыз (Заб. 18:2—5).