Қызметіңнің аясын кеңейте аласың ба?
1. Бүгінгі күнгі қызметіміз қаншалықты қауырт және неліктен?
1 Көптеген адамдардың Патшалық туралы ізгі хабарға қызығушылық білдіріп жатқанын көрген Иса шәкірттеріне: “Егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деп өсиет етті (Мат. 9:37, 38). Егін науқанының соңында өмір сүріп жатқандықтан, бүгінгі күнгі біздің ісіміз бұрын-соңды болмағандай қауырт. Демек, әрқайсысымыз дұға ете отырып, уағыздау қызметіне қаншалықты көп атсалыса алатынымызды қарастыруымыз керек (Жох. 14:13, 14).
2. Кей бауырластар Исаның өсиетіне құлақ асып, қалай қызметтерінің аясын кеңейтті?
2 Қызмет аясын кеңейту. Ехобаның басшылығы мен көмегінің арқасында көп бауырластар ізашарлық қызметті бастай алған (Заб. 26:2, 3; Філіп. 4:6). Өзге біреулері бір немесе бірнеше ай қосалқы ізашар ретінде қызмет атқару үшін көп күш салған. Осылайша олар қызметтерінің аясын кеңейте алған. Қосалқы ізашар ретінде қызмет етудің арқасында қол жеткізген қуаныштары оларды жалпы ізашарлық қызмет жөнінде ойлануға талпындырған (Ел. іс. 20:35).
3. Ертеректе ізашар ретінде қызмет еткен болсаң, қазір не туралы ойланғаның жөн?
3 Ізашарлық қызметті қайта бастай аласың ба? Ертеректе ізашар ретінде қызмет еткен болсаң, ол уақытты жылулықпен еске алатының сөзсіз. Ізашарлар қатарына қайта қосылу мүмкіндігі жайлы дұға ете отырып ойланып көрдің бе? Ізашарлық қызметті тоқтатуға сені мәжбүр еткен жағдайлар шешілген болуы мүмкін. Сөйтіп, сен үшін қазір қайтадан ізашар болуға қолайлы уақыт келген шығар (Жох. 1-х. 5:14, 15).
4. Барлығымыздың да қандай керемет мүмкіндігіміз бар?
4 Қазіргі уақытта науқан қызып тұр және ол жақында аяқталмақ (Жох. 4:35, 36). Олай болса, қызметке көбірек уақыт бөлу үшін күнделікті өмір салтымызды өзгерте аламыз ба? Егер қызметіміздің аясын кеңейте алмайтын болсақ, уағыз ісін тиімдірек атқарудың жолын іздерміз (Мар. 12:41—44). Мүмкіндігіміз болса, Ехобаға осылайша көбірек қызмет ету неткен мәртебе болар еді десеңші! (Заб. 109:3).