Тәлім беруге жақсылап дайындал
1. Киелі кітапты зерттеушінің шындықты бағалауына көмектескеніміз неліктен маңызды?
1 Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды Ехобаға қызмет етуге талпындыру үшін зерттеу сабағына жақсылап дайындалу қажет. Зерттеушіге Киелі кітаптағы шындықты бағалауға көмектесетін болсақ, ол қадамдар жасауға талпынады. Осылайша біз жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз (Заң. қ. 6:5; Нақ. с. 4:23; Қор. 1-х. 9:26). Бұл үшін не істеуге болады?
2. Зерттеуге дайындалғанда дұға еткеніміз қалай көмектеседі?
2 Дұға ету. Шындық тұқымын өсіретін Ехоба болғандықтан, зерттеу сабағына дайындалғанда зерттеуші мен оның қажеттіліктері жайлы дұға еткеніміз орынды (Қор. 1-х. 3:6; Жақ. 1:5). Осылай еткеніміз оның жүрегі ‘Құдайдың еркі туралы тура білімге’ (ЖД) толуына қалай көмектесуге болатынын анықтауға септігін тигізеді (Қол. 1:9, 10).
3. Зерттеушіні ойда ұстай отырып қалай дайындала аламыз?
3 Зерттеушіні ойда ұстау. Иса жақсы тәлім беру үшін тыңдаушыларды ескерудің маңызды екенін білген. Мысалы, Исаға: “Мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек?”— деген сұрақ екі жағдайда қойылған. Ол әрқайсысына әртүрлі жолмен жауап берген (Лұқа 10:25—28; 18:18—20). Біздің де зерттеушіні ойда ұстай отырып дайындалғанымыз маңызды. Келтірілген жазба орындарының қайсысын оқитынымызды шешіп алу керек. Сондай-ақ қанша мәлімет қамтитынымызды және зерттеушінің түсінуіне не қабылдауына қиын болатын ойларды анықтап алған жөн. Зерттеуші қоюы мүмкін сұрақтарға алдын ала дайындалғанымыз жүрегіне жететіндей етіп жауап беруге көмектеседі.
4. Жақсы дайындыққа не жатады?
4 Мәліметті шолып шығу. Мәліметті жақсы білетін болсақ та, мұны осы зерттеушімен алғаш рет өтетінімізді ұмытпау керек. Шындықты оның жүрегіне жеткізу үшін әрбір сабаққа жақсылап дайындалғанның маңызы зор. Бұл одан күтетінімізді өзіміз де істеуіміз керек дегенді білдіреді. Зерттеушіні ойда ұстай отырып, келтірілген жазба орындары мен мәліметті шолып шыққан және негізгі ойлардың астын сызып қойған дұрыс (Рим. 2:21, 22).
5. Ехобаға қалай еліктеуге болады?
5 Ехоба әрбір зерттеушінің рухани өскенін қатты қалайды (Пет. 2-х. 3:9). Әрбір зерттеу сабағына дайындалу арқылы біз де осындай сүйіспеншілік көрсетеміз.