Басқарушы кеңестің хаты
Қымбатты бауырластар!
Сендерге хат жазуға қуаныштымыз! Сендерді ойлағанда біздің бойымызды бауырластарын ‘шын жүректен жақсы көргенін’ айтқан және олардың ‘шындық жолымен жүргеніне’ қуанған елші Жохандікі сияқты сезім билейді (Жох. 2-х. 1, 4). Шындықты білгеніміз барлығымыз үшін қандай зор бата десеңдерші! Шындық бізді Ұлы Бабылдан және оның Құдайды қорлайтын ілімдері мен әдет-ғұрыптарынан азат етті. Шындық бойынша өмір сүргеніміздің арқасында сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық сияқты қасиеттерді дамыта алдық. Сондай-ақ шындық бізге Құдай алдында мінсіз болуға және мәңгі өмір сүру үмітіне ие болуға жол ашты.
Біз Ехобаның киелі рухының өзімізге күн сайын басшылық пен күш беріп отырғаны үшін де дән ризамыз. “Бізді Құдай рухы жетелейді” деп аталған соңғы облыстық конгресте Ехобаның сүйіспеншілікпен қарастырып отырған осы бір керемет шарасын жан-жақты талдау сендер үшін қызықты болғаны шүбәсіз. Дүниедегі жағдай күннен күнге қиындап жатқандықтан, Ехобаның құдіреті зор киелі рухының басшылығына мойынсұнғанымыз аса маңызды.
Сенімдері үшін көп қасірет шеккен бауырластарымыздың “Жылнамада” баяндалған жан тебірентерлік оқиғалары сендерге қатты әсер еткені сөзсіз. Бір таңғалдыратыны — сол адал бауырластардың біразы қиындықтарға кезіккенде шомылдыру рәсімінен жуырда ғана өткен не тіпті әлі өтпеген болатын. Адалдықтары мен әділдіктерінен таймағандары үшін біз оларды сондай жақсы көреміз! Олардың керемет үлгісі қиындықтарға қарамастан, Құдай Патшалығына адал болып қалуға деген шешімімізді нығайта түседі (Сал. 1-х. 1:6—8).
Қымбатты бауырластар, отбасыларыңда сүйіспеншілік пен бірлікті сақтау үшін сендердің экономикалық және басқа да қиындықтармен күресіп жүргендеріңді білеміз. Кейбіріңе тіпті уағызға не басқа да қауым істеріне жүйелі түрде атсалысып, адалдық таныту оңай болып жүрген жоқ. Сол себепті де дұға ете отырып жан-жақты қарастырғаннан кейін, біз 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап қауым кездесулерінің кестесін өзгертуді шештік. Сендердің осы мүмкіндікті пайдаланып, Киелі кітапты жеке және отбасымен бірге зерттеуге көбірек уақыт бөлетіндеріңе сенімдіміз.
Өткен қызмет жылындағы конгрестерде көп адамның шомылдыру рәсімінен өткенін көру қуанышты жайт болды. Олардың арасында өте жас бауырластар да бар. Ата-аналар, балаларыңа шындықты бағалауды үйреткендерің үшін және жастайынан өмірлерін Ехобаға бағыштауға талпындырғандарың үшін мақтауға лайықсыңдар. Қымбатты жас бауырластарымыздың мектепте көптеген сынақтарға кезігіп жүргендеріне қарамастан, шомылдыру рәсімінен өтуге лайық болғандары олардың отбасында жақсы тәлім-тәрбие алғанын көрсетеді (Заб. 127:1—6).
Киелі кітап зерттеу сабақтары санының айтарлықтай өскенін де айта кеткен жөн. Осы орайда аянбай тер төккен миссионерлер мен арнайы ізашарлардың қосқан үлесі зор. Басқарушы кеңестегілердің барлығы бүкіл дүниежүзіндегі бауырластардың ақжүректі адамдарға “Келе гөр!” деп, шындыққа сусағандарды ‘сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдауға’ шақыру ісінде атқарған ерен еңбектерін жоғары бағалайды (Аян 22:17). Өткен қызмет жылында өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен 289 678 адамның дүниежүзілік бауырластыққа қосылғанына қуаныштымыз.
Біз елші Жоханның: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деген сөздерін есте ұстауымыз қажет (Жох. 1-х. 2:17). Біз осы дүниенің ақыры таяп қалған уақытта өмір сүрудеміз. Сондықтан Құдай еркін өмірімізде басты орынға қойып, ‘сергек болғанымыз’ қаншалықты маңызды десеңдерші! (Мат. 24:42). Осылай етер болсақ, ешқашан өкінбейміз және Ехобаның шексіз рақымының игілігін көреміз (Ишая 63:7).
Биылғы “Жылнамада” баяндалған әртүрлі елдердегі бауырластардың жігерлендірерлік оқиғалары барлығыңды да Патшалықтың мүддесін өмірлеріңде бірінші орынға қоюға талпындырады деп үміттенеміз. Біз сендер жайлы үнемі ойлайтынымызды әрі өздерің үшін ұдайы дұға ететінімізді айтып, сендерді өте жақсы көретінімізге сендіргіміз келеді. Ехоба сендерге көл-көсір батасын төге бергей!
Бауырластарың,
Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі