“Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”
1. “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабы қандай мақсатпен шығарылды?
1 Маусымның 22 жұлдызынан бастап қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінде “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” деген жаңа кітапты қарастыратын боламыз. Басқарушы кеңестің Ехобаны сүйетін әрбір адамға арнап жазған хатында былай делінген: “Осы басылым сенің әрі қарай да шындыққа сай өмір сүре беруіңе және ‘Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік өмірге жетуіңе’ көмектеседі деп үміттенеміз (Яһд. 21)”.
2. Жаңа кітапта өмірдің қандай салалары қарастырылады?
2 Неге үйренеміз? Бұл кітап дос таңдау, көңіл көтеру, билікке мойынсұну, зиянды әдеттерден арылу, некені жақсарту, дұрыс сөйлеу және салт-дәстүрді ұстану-ұстанбауға қатысты Киелі кітап принциптерін тереңірек қарастыруға көмектеседі. Осылайша ар-ұжданымыз Құдай Сөзіндегі жоғарғы нормаларға сай тәрбиеленетін болады (Заб. 18:8, 9). Ехобаның ой қалпын біле түскен сайын, оған әрдайым ұнамды болуға деген ықыласымыз да артады (Нақ. с. 27:11; Жох. 1-х. 5:3).
3. Неге әр аптадағы талқылауға жақсылап дайындалуымыз керек?
3 Талқылауға қатыс. Қауым кездесуінде Құдайды мадақтай алуың үшін жақсылап дайындал (Евр. 13:15). Зерттеуге арналған жаңа басылымды бүкіл қауыммен талқылаймыз. Қарастырылатын мәлімет көп болмайтындықтан, әрқайсымыз тыңғылықты дайындалып, еркін жауап бере алатын боламыз. Біздің жақсылап ойластырылған, нақты жауаптарымыз бауырластардың өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуіне қозғау салады және талқылаудың мағыналы да қызу өтуіне септігін тигізеді (Евр. 10:24). Түсініктеме беру арқылы сенімімізді паш еткеніміз өзімізге де зор қуаныш әкеледі.
4. Неліктен Ехобаның өсиеттерін орындауымыз керек?
4 Жердегі өмірінің соңғы түні Иса Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмау үшін оның өсиеттерін орындау керектігін айтқан (Жох. 15:10). “Құдайдың сүйіспеншілігі” басылымы Киелі кітап принциптерін күнделікті өмірімізде қолданып, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға деген шешімімізді нығайта түседі (Яһд. 21).