Тұрмысы нашар адамдарға үміт бер
1 Иса тұрмысы нашар адамдарға ерекше ықылас көрсеткен. Ол адамдарға ғажайып түрде материалдық көмек көрсетіп, ауруларды сауықтырған, алайда ол бар назарын ‘жарлыларға Ізгі хабарды жариялауға’ аударды (Мат. 11:5). Бүгінде де мәсіхшілердің қызметі тұрмысы нашар адамдарға да, өзгелерге де пайдасын тигізуде (Мат. 24:14; 28:19, 20).
2 Шынайы үміт. Мәсіхшілер әлемінің қызметшілері жиі тұрмысы нашар адамдарды шіркеуге жомарттықпен садақа беретін болса, тұрмыстары жақсарады деп сендіреді. Алайда Киелі кітапта кедейлікті және адамзаттың басқа да проблемаларын Құдай Патшалығы ғана шешетіні айтылған (Заб. 9:19; 144:16; Иш. 65:21—23). Біз тұрмысы нашар адамдарға Киелі кітаптың шын мәнінде неге үйрететінін көрсету арқылы үмітке ие болуға әрі “рухани мұқтаждықтарын” қанағаттандыруға көмектесе аламыз (Мат. 5:3, ЖД).
3 Исаның күндерінде парызшылдар жарлыларды жек көріп, менсінбейтін және оларды ам-хаа́рец, немесе “жер адамдары” деп атайтын. Алайда Иса үшін “олардың қаны”, не өмірлері, “құнды” болды (Заб. 71:13, 14). Иса сияқты, біз де тұрмысы нашар адамдарға мейірімділік пен жанашырлық танытып, ‘қамқорлық’ көрсете аламыз (Нақ. с. 14:31). Біз кедей аймақтарда тұратын адамдарды менсінбей сөз етуден не оларға куәлік етуге ықылас танытпаудан аулақ болғымыз келеді. Патшалық туралы хабарды қабыл алып жатқандардың көбісі кедей адамдар ғой.
4 Қазір көмектес. Сондай-ақ Киелі кітап принциптерін үйрету арқылы аумағымыздағы тұрмысы нашар адамдарға қазірдің өзінде кедейліктің салдарынан біршама арылуға көмектесеміз. Мысалы, Киелі кітапта ішкілікке салыну, құмар ойындар ойнау, жалқаулық, шылым шегу сияқты кедейлікке әкеп соғатын қылықтар айыпталады (Нақ. с. 6:10, 11; 23:21; Қор. 2-х. 7:1; Ефес. 5:5). Жазбалар шыншыл болуға және жұмысты ‘жан-тәнмен’ істеуге талпындырады, ал бұндай жұмысшылар жоғары бағаланады (Қол. 3:22, 23; Евр. 13:18). Бір сауалнамаға қатысқан жұмыс берушінің көбі жұмысқа тұруға келген адамдардың бірінші кезекте шыншыл да адал болғандарын қалайтындарын айтқан.
5 Ехоба жарлылардың қасіретіне немқұрайды қарамайды. Жақында Иса Мәсіх “кедейлерді құтқарады” (Заб. 71:12). Ал ол уақыт келгенше, өзімізге берілген ерекше тапсырманы атқарып, тұрмысы нашар адамдарға да, өзгелерге де Киелі кітаптағы үміт беретін хабарды айта берейік.