Балаларыңа Ехобаны мадақтауды үйретіңдер
1. Балалар Ехобаны мадақтай ала ма?
1 Забур 148:12, 13-тегі сөздер ұлдар мен қыздарды Ехобаның есімін мадақтауға шақырады. Киелі кітапта осы үндеуге сай әрекет еткен көптеген балалардың мысалдары жазылған. Мысалы, Самуил жастайынан Жаратқан Иенің алдында қызмет еткен (Пат. 1-ж. 2:18). Алапес болған Нағыманды Исраилдегі пайғамбардың айықтыра алатынын оның әйеліне “кішкене қыз” айтқан (Пат. 4-ж. 5:1—3). Иса ғибадатханаға келіп, ғажайып істер жасағанда, ондағы ‘балалар — Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір мадақталсын! — деп айқайлаған’ (Мат. 21:15). Алайда ата-аналар балаларына Ехобаны мадақтауды қалай үйретулеріне болады?
2. Неге ата-аналардың балаларына жақсы үлгі көрсеткендері маңызды?
2 Үлгі болу. Исраил еліндегі әкелер шындықты балаларының санасына құю үшін, алдымен өздері Ехобаны жақсы көрулері керек болған және оның өсиеттері өз жүректерінен орын алуы керек еді (Заң. қ. 6:5—9). Егер қызмет туралы жағымды сөйлейтін болсаңдар және уағызға апта сайын шығып тұратын болсаңдар, балаларың уағыздау қызметін маңызды әрі қанағат сезіміне бөлейтін іс ретінде қабылдайтын болады.
3. Бір әйел бауырласқа әке-шешесінің үлгісі қалай әсер еткен?
3 Бір әйел бауырлас былай деп есіне алады: “Біздің отбасымыз демалыс күндері міндетті түрде қызметке шығатын. Әке-шешеме уағыздау қызметі қатты ұнайтын. Біз қызметті жағымды нәрсе ретінде қабылдап өстік”. Жеті жасында жариялаушы болған бұл бауырлас 32 жылдан аса толық уақыт қызмет етіп келе жатыр.
4. Балаларды қалай біртіндеп үйретуге болады?
4 Біртіндеп үйрету. Бірге қызметке шыққанда, балаларың бос тұрмасын. Алдымен олар, мүмкін, жай ғана қоңырау басар немесе үй иесіне трактат ұстатар, болмаса Жазба орнын оқып берер. Бұл олардың қуанышын арттырады, әрі Патшалық хабарын тарата алатындарына деген сенімділіктерін күшейтеді. Ал өсе келе балалар қызметке белсендірек атсалыса бастаулары керек. Сондықтан оларға жетістіктер жасауға көмектесіңдер және рухани мақсаттарға талпындырыңдар.
5. Қандай жағдайда балаларың жариялаушы бола алады?
5 Балаларың шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға дайын деп ойласаңдар және олар қызметке қатысқысы келетінін айтса, көпке созбай ақсақалдармен сөйлесіңдер. Олар жариялаушы болғанда Ехобаны өздері мадақтаулары керек екенін түсінетін болады. Жариялаушы болу үшін бала шомылдыру рәсімінен өткен ересек адамдармен бірдей білуі керек деп ойламаңдар. Балаларың Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсіне ме? Ондағы құлықтылық нормаларын ұстана ма? Қызметке қатысып, басқалардың өзін Ехоба Куәгері ретінде танығанын қалай ма? Егер солай болса, ақсақалдар ол шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға дайын деп шешетін шығар (“Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 79—82 беттерін қараңдар.)
6. Ата-аналардың балаларын үйреткендері қандай нәтиже әкеледі?
6 Балаларға Ехобаны шын жүректен мадақтауды үйрету үшін күш салу керек екені рас. Дегенмен ата-ана үшін балаларының рухани өсіп жатқанын көруден артық қуаныш сыйлайтын нәрсе кемде-кем. Одан да маңыздысы, керемет істері жайлы балалардың айтып жүргені Ехобаны қуантады.