Құдай бізге асыл қазынаны сеніп тапсырды
1 Елші Пауыл Құдай тапсырған уағыздау ісін бағалап, оны қазынаға теңеген (Қор. 2-х. 4:7). Ол бұл істі атқара жүріп, көптеген ауыртпалықтар мен қуғын-сүргінге ұшыраған. Бірақ өзіне кезіккен адамның бәріне уағыздаудан шаршамаған. Пауыл құрлықпен де, теңізбен де ауыр да қауіпті сапарлар шеккен. Оған еліктей отырып, қызметімізді бағалайтынымызды қалай көрсетуімізге болады? (Рим. 11:13) Неге қызметімізді баға жетпес қазынаға теңеуге болады?
2 Баға жетпес қазына. Жерде жиналған қазына жиі көп қасіретке душар етеді де, уақытша ғана пайда әкеледі. Ал қызметіміз өзімізге де, басқаларға да ұзақ уақыт пайдасын тигізеді (Тім. 1-х. 4:16). Осының арқасында ақ жүректі адамдар Ехобаны танып, өмірлерінде қажетті өзгерістер жасап, мәңгілік өмірге деген нағыз үмітке ие болады (Рим. 10:13—15). Қызметімізді аса бағалайтын болсақ, өмірімізде қанағат сезіміне бөлейтін мақсат пен рухымызды көтеретін үміт болады және көңіліміз әрқашан тоқ болады (Қор. 1-х. 15:58).
3 Қазынаңды бағалайтыныңды көрсет. Қандай да бір нәрсені қаншалықты бағалайтынымыз көбінше ол үшін неден бас тартуға дайын екенімізден көрінеді. Уақытымыз бен күшімізді Ехобаны даңқтауға жұмсау неткен мәртебе! (Ефес. 5:16, 17) Уақытымызды қалай пайдаланатынымыздан дүние-мүліктен гөрі рухани нәрселерді көбірек бағалайтынымыз көрініп тұруы керек. Таратып жүрген хабарымыз аса бағалы болғандықтан, уағыздауға ерекше ықыласпен атсалысып, ізгі хабарды айтудың әрбір мүмкіндігін пайдаланғымыз келеді.
4 Әдетте баға жетпес қазынаны жасырып қоймайды, оны көпшілік көретін жерге қояды. Егер қызметімізге қазынадай қарайтын болсақ, ол өмірімізде басты орын алады (Мат. 5:14—16). Шексіз ризашылық сезіне отырып, әрқашан елші Пауылға еліктейік және қызметімізді қазына деп қарап, оны шын бағалайтынымызды әрбір мүмкіндікті пайдаланып көрсете берейік.