Батыл, бірақ тату
1 Уағыздап жүріп, Киелі кітапқа қайшы келетін нәрселерге шын жүректен сенетін адамдарды көп кездестіреміз. Біз батылдықпен уағыздауымыз керек, сөйте тұра “барлық адамдармен тату” болып, мүмкін болса, ешкімді ренжіткіміз келмейді (Рим. 12:18; Ел. іс. 4:29). Олай болса, Патшалық туралы хабарды уағыздай жүріп, қалайша батыл бірақ тату болуымызға болады?
2 Ортақ тақырып ізде. Татулық сүйетін адам дауласпайды. Қажетсіз кезде үй иесі берік сенетін ілімдерді жоққа шығара берсек, ол хабарымызға құлақ асқысы келмей қалады. Егер ол қате нәрсе айтса, біз әңгімені ілтипаттылықпен ол келісетін тақырыпқа бұрғанымыз дұрыс болатын шығар. Екі жақ та келісетін ойға назар аудару арқылы үй иесін жағымсыз сезімдерден арылтып, жүрегіне әсер ете алуымыз мүмкін.
3 Егер үй иесінің қате көзқарасына көңіл аудармай-ақ қойсақ, бұл онымен келіскенімізді немесе шындықты әлсіреткенімізді білдіре ме? Жоқ. Мәсіхшілер ретінде біздің міндетіміз — адамның қателігін түзету емес, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау (Мат. 24:14). Адам көзқарасын айтқанда, қателігін дереу түзетуге тырыспай, мұны оның ойын білудің мүмкіндігі деп қарастыруымызға болады (Нақ. с. 16:23).
4 Адамның қадірін түсірме. Жалған ілімдерді әшкерелегенде, біз батыл болуымыз керек. Алайда татулық сүйетін адамдар ретінде қате нәрсеге сенетін және соған үйрететін адамдарды кекетіп-мұқатып, не кемсітіп сөйлеуден аулақпыз. Адамдарға жоғарыдан қарайтын болсақ, олар бізден қашқақтай бастайды, ал қарапайым әрі мейірімді болғанымыз шындықты сүйетін адамдардың жүрегін ашады. Адамдарға және олардың сенімдеріне құрметпен қарағанымыз оларды сыйлайтынымызды көрсетіп, хабарымызға құлақ асуларына көмектеседі.
5 Елші Пауыл өзі уағыздаған адамдардың сенімдерін ескере отырып, ізгі хабарды жүректеріне жететіндей етіп жеткізген (Ел. іс. 17:22—31). Ол ‘әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделуге’ дайын болған (Қор. 1-х. 9:22). Біз де ізгі хабарды уағыздағанда, батыл бірақ тату бола аламыз.