Білімді іс жүзінде қолдануға көмектесетін мектеп
1 Теократиялық қызмет мектебінің 2006 жылғы бағдарламасында көрсетілген мәліметтерді қарастырғанда, оларды қасиетті қызметімізде және күнделікті өмірімізде қолдана отырып, Жазбаларға негізделген тәлімдердің пайдасын көруге тырысамыз. Біз білгендерімізді іс жүзінде қолдануға бел буғанбыз (Жох. 13:17; Філіп. 4:9).
2 Түсініктемелер беру. Осы жылғы бағдарламада тыңдаушылардың Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойларға атсалысуына қосымша бір минут берілген. Демек, осы бөлімді жүргізетін бауырлас сөзін алты минутта емес, бес минутта бітіру керек. Түсінік беретін бауырластар да уақыттарының шектеулі екенін ұмытпаулары керек. Алдын ала жақсылап дайындалып келген адам пайдалы ойды 30 секундта немесе одан да аз уақытта айтып шыға алады. Тыңдаушыларға берілген бес минуттың ішінде шамамен он адамның мағыналы түсініктеме беруге мүмкіндіктері бар.
3 Тәлім беретін баяндама. Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойлар мен тәлім беруге арналған баяндамада мәліметтің маңыздылығы мен оны қызметімізде және өміріміздің әр түрлі саласында қалай қолдануға болатынына көңіл аударылу керек. Баяндамашы тыңдаушыларды тек әрекетке талпындырып қана қоймау керек. Ол нақты не істеу керек екенін, қалай істеу керек екенін және мұның қандай пайдасы бар екенін көрсеткені дұрыс. Мысалы, “Мұнда біз үшін осындай басшылық берілген” немесе “Бұл тармақтарды қызметте осылай қолдануға болады” деген сияқты сөздерді айтуға болады. Жергілікті жағдайға қанық ақсақалдар мен қызмет көмекшілері мәліметті қалай қолдануға болатынын мүмкіндігінше нақты көрсеткендері дұрыс.
4 Киелі кітаптан мысалдардың қандай пайдасы бар екенін көрсеткенде, олар әсіресе пайдалы болуы мүмкін. Жазбадан мысал келтірген соң, баяндамашы: “Сендерде де осындай жағдай болуы мүмкін”,— деп айтуына болады. Ол айтқан сөздерінің бәрі мәнмәтінге, жалпы Киелі кітапқа және ‘адал да ақылды құл’ беріп отырған әдебиеттерге сай келетініне көз жеткізу керек (Мат. 24:45).
5 Даналық деп білімді және түсінген нәрсені дұрыс қолдануды айтады. “Ең бастысы — даналық” (Нақ. с. 4:7). Теократиялық қызмет мектебінен білім алу арқылы даналыққа ие бола отырып, оны басқаларға жеткізу шеберлігімізді арттыра берейік.