2005 жылғы “Құдайға мойынсұну” деп аталатын Ехоба Куәгерлерінің облыстық конгресі
1 Ұлы Ұстазымыз Ехоба Құдай басымызды қосып, оның жолдарын үйренуіміз үшін қам жасайды (Иш. 30:20, 21; 54:13). Ол мұны адал да ақылды құл табы арқылы істейді. Бұл тап біздер үшін арнайы кездесулер, мысалы, жыл сайын өтетін облыстық конгрестер, ұйымдастырады (Мат. 24:45—47, ЖД). Біз Дәуіттің: “Тәңірді жиналыстарда мадақтаймын”— деген сөздеріне толық қосыламыз (Заб. 25:12). Дәуіт Ехобаның тәлімін өте бағалаған, сондықтан Оның халқы жиналған сайын ол да солардың арасында болған.
2 Сен де сол ‘жиналыста’, яғни осы жылғы “Құдайға мойынсұну” деп аталатын облыстық конгресте боласың ба? Онда келесі мәлімет сен үшін пайдалы болады.
3 Қазірден бастап үш күніне де қатысуды жоспарла. “Ынталының жоспарлары сөзсіз пайдаға асады” (Нақ. с. 21:5, ЖД). Осы сөздер конгреске қатысу үшін мүмкіндігінше ертерек жоспар құруға талпындырады емес пе? Сергітерлік рухани бағдарламаның бір де бір бөлігінен қалып қоймай, конгрестің үш күніне де қатысу үшін қандай дайындық жасау керектігін қазірден бастап ойлағаның жақсы. Егер жұмыс берушіңнен қосымша демалыс күнін сұрау қажет болса, мұны кідіртпестен істе. Жоспарыңды сенбейтін жұбайыңмен талқылау қажет болса, мұны ең соңғы уақытқа қалдырма. Қандай кедергіге кезіксең де, Ехобаға дұға айт, әрі оның көмегімен “құрған жоспарың... өнімді” болатынына сенімді бол (Нақ. с. 16:3). Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға да бағдарламаның бірде-бір бөлігін жібермеу үшін алдын ала дайындалуларына көмектескенің жақсы болар еді.
4 Тұратын орын. Конгресс өтетін қалаларда барлық делегаттарды ыңғайлы жерлерге орналастыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Алайда көптеген қалаларда жатақханаларда арзан бағаға тұратын орынға келісу жылдан жылға қиындап барады. Сондықтан конгресс делегаттары қонақ үйлерде тоқтау үшін алдын ала қаражат жинағандары дұрыс (1 Қор. 16:2). Осы мақала қызмет кездесуінде қарастырылған соң, “Тұратын жайлар тізімі” қауымның хабарландырулар тақтасына ілінеді. Тек тізімде көрсетілген жерлерге тапсырыс беріп, сонда көрсетілген бағаны ғана төлеуіңді өтінеміз. Сонда филиал жыл сайын жақсы қонақ үйлерімен арзан бағаға келісім жасай алады. Жақсы қонақ үйлер конгресс өтетін жерге жақын бола бермейтінін ұмытпа. Қонақ үйге телефон соғып, тұратын орынға тапсырыс берер алдында “Пәтер бөлімімен қызметтес бол” деген қоршауды қарап шық. Сондай-ақ “Тұратын орынға қалай тапсырыс жасаған дұрыс?” деген қоршаудағы нұсқауларды ұстан.
5 Ерекше мұқтаждықтар. Елші Пауыл хаттарында өзіне “тірек” болған бауырластар жайлы жазған (Қол. 4:7—11, ЖД). Олар Пауылдың жеке мұқтаждықтарының да қамын ойлаған. Ал сен конгреске байланысты өзгелер үшін қалайша “тірек” бола аласың? Егде және әлсіз жариялаушылар, сондай-ақ толық уақытты қызмет етушілер мен басқа да бауырластарға конгреске жету үшін немесе тұратын орын табу үшін көмек қажет болуы мүмкін. Мұндай жандарға ең алдымен мәсіхші туысқандары көмектеседі (1 Тім. 5:4). Егер олардың мүмкіншіліктері болмаса, бір сенімдегілер қол ұшын бере алады (Жақ. 1:27). Кітап зерттеу тобының бақылаушылары өз тобындағы ерекше мұқтаждықтары бар бауырластардың конгреске дайын болулары үшін алдын ала қам жасайды.
6 “Ерекше мұқтаждарды жайғастыруға арналған тапсырыс” бланкісі отбасы мүшелері де, қауымы да қанағаттандыра алмайтын, шынымен ерекше мұқтаждарға ғана арналған. Қауымның қызмет комитеті бланктегі нұсқауларға сай, сондай-ақ 2004 жылғы 14 желтоқсандағы барлық ақсақалдар кеңесіне арналған хатқа сай жариялаушының өтінішін қарастырады. Мұндай көмек тек балалары тәрбиелі, үлгілі жариялаушыларға көрсетіледі.
7 Өзге конгреске қатысу. Барлық делегаттарға отыратын орын мен әдебиеттер жеткілікті болу үшін, сондай-ақ барлығын тұратын орындармен қамтамасыз ету үшін жариялаушылардың қауымдары тағайындалған конгреске қатысқандары дұрыс. Қандай да бір себептермен өзге конгреске баруға тура келетін болса, барғалы тұрған конгресс комитетінің мекен-жайы туралы мәліметті қауымның хатшысынан алсаң болады. Бұл мәлімет “Ерекше мұқтаждарды жайғастыруға арналған тапсырыс” бланкінің артқы бетінде келтірілген. Алматыдағы конгреске қатысуды жоспарласаң да, тұратын орынға қатысты тапсырысыңды Қазақстандағы офисқа жібермеуіңді өтінеміз. “Тұратын жайлар тізімі” туралы немесе қандай да бір қосымша мәлімет сұраған өтінішпен қоса, өз мекен-жайың мен марка жапсырылған бос хатқалта салып жіберуді ұмытпа. Сен баратын қалада бірнеше конгресс өтетін болса, қай конгреске қатысатыныңды нақты көрсет.
8 Ерікті қызметшілер қажет. Иса өзгелердің мұқтаждықтарын кішіпейілділікпен қанағаттандыруда керемет үлгі қалдырды (Лұқ. 9:12—17; Жох. 13:5, 14—16). Конгресс кезінде ерікті қызметшілер ретінде қызмет ететіндер де осындай рух танытады. Конгрестің әр түрлі бөлімдерінде қызмет ету үшін жақын арада жергілікті конгресс комитеттері ерікті қызметшілерді шақырады. Осындай қызметке әсіресе ақсақалдар қажет. Олардың дайындық рухын танытқандары — қауымдағылардың барлығына керемет үлгі-өнеге (1 Пет. 5:2, 3).
9 Басқалардың байқағандары. Бір қонақ үйдің жауапты қызметкері былай деп айтқан: “Біздің ең жақсы қонағымыз сіздер. Басқалармен салыстырғанда өздеріңізді сондай тамаша ұстайсыздар. Қонақ үй күтушілерінің барлығы өздеріне ізет көрсетіп және шай-пұл беруді ұмытпайтындарыңызды айтады. Қызметшілердің барлығы сіздер болатын күндері жұмысқа қуана-қуана шығады!” Қонақ үйдің басқа бір қызметкері былай деген: “Ехоба Куәгерлерімен жұмыс істеу әлдеқайда оңай”. Мүмкін, сенің үлгілі жүріс-тұрысың туралы да адамдар осылай айтар. Жүріс-тұрысымыз Ехобаны мадақтаған кезде, Ол қалай қуанады десеңші! (1 Пет. 2:12).
10 Ехоба Құдай ‘адал қызметші’ арқылы өз халқы алдағы жазда рухани тәлім алуға жиналулары үшін қам жасады (Лұқ. 12:42). Конгрестің бір күнін де жіберіп алмау үшін алдын ала белгілі бір күш салу қажет, алайда бұл соған тұрарлық. Осы жылғы “Құдайға мойынсұну” деп аталатын облыстық конгресс Ехобаға қазір әрі мәңгілік бойы қызмет етуге деген шешімімізді нығайтатынында сөз жоқ. Сондықтан забур жыршысының: “Құдайды жиналыстарда мадақтаңдар”,— деген сөздеріне құлақ асуға белімізді бекем буалық (Заб. 67:27).
[3-беттегі қоршау]
Конгресс кестесі
Жұма және сенбі
9:30 — 17.05
Жексенбі
9:30 — 16.10
[4-беттегі қоршау]
Пәтер бөлімімен қызметтес бол
◼ “Тұратын жайлар тізімінде” көрсетілген қонақ үйлерге ғана тоқта. Конгреске қатысты қандай баға бекітілгенін сұрау үшін тізімде көрсетілмеген қонақ үйлеріне телефон соқпа. Олар жиі Ехоба Куәгерлері үшін арзан орындар бар дейді.
◼ Тұратын орныңда артық адам тұрмау керек.
◼ Тізімде көрсетілген қонақ үйлердің ешқайсысында орын болмай немесе келісу барысында қандай да бір қиыншылықтар туып жатса, қауым хатшысына хабарла. Ол тізімнің жоғарғы жағында жазылған мәліметті қолданып, сен қатысатын конгрестің пәтер бөлімімен байланысады. Тізімде көрсетілмеген қонақ үймен хабарласқанша, пәтер бөлімі қатысқың келген конгреске арналған қонақ үйлердің ең соңғы тізімін жібермейінше, күтуіңді сұраймыз.
◼ Өзіңе қажет орынға ғана тапсырыс бер.
◼ Егер қажет болса, тапсырыс берген әрбір бөлмеге алдын ала ақша төлеу керек. Әйтпесе, бөлме басқа біреуге ұсынылуы мүмкін.
◼ Алғашқы берген тапсырысыңды өзгертпе.
◼ Облыстық конгреске тағайындау жөніндегі хат оқылатын аптада аудандық конгресс өтетін болса, қауым хатшысы “Тұратын жайлар тізімінің” көшірмесін жасап, барлық кітап зерттеу топтарының бақылаушыларына беруіне болады. Осындай жағдайдың өзінде де “Тұратын жайлар тізімінің” көшірмесін жариялаушыларға жеке өздеріне жасауға болмайды.
[4-беттегі қоршау]
Тұратын орынға қалай тапсырыс жасаған дұрыс?
1. “Тұратын жайлар тізімінде” көрсетілген нөмірлерді қолданып, қонақ үйге жұмыс уақытында телефон соқ.
2. Қонақ үй қызметшілеріне Ехоба Куәгерлерінің конгресіне қатысатыныңды айт.
3. Қонақ үйге қай күні келіп, қай күні кететініңді айт.
4. Бір қонақ үйден бөлме табылмаса, тізімде көрсетілген өзге қонақ үймен хабарлас.
5. Бөлмені тізімінде көрсетілген бағамен ұсынып жатқанына көз жеткіз. Одан жоғары бағаға келіспе.
6. Тапсырыс жасап, оның орындалатынына көзіңді жеткіз.
7. Белгіленген уақыт аралығында пошта арқылы немесе банк карточкасы арқылы төлем жаса. Ешқашан қолма-қол ақшаны жіберме. Кейбір қонақ үйлер алдын ала жасалған тапсырыс үшін қосымша төлем алатынын ескерген жөн.