Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз. 3-бөлім.
Жазба орындарын тиімді қолданамыз
1. Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізгенде неге Жазба орындарына ерекше көңіл бөлу керек?
1 Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуіміздің мақсаты — шәкірт дайындау. Ол үшін адамдарға Құдай Сөзінің ілімдерін түсіндіріп, қабылдауларына және оларды өз өмірлерінде қолдануларына көмектесу керек (Мат. 28:19, 20; 1 Сал. 2:13). Сол себептен сабақ барысында басты назар Жазбаларға аударылу керек. Ең алдымен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға өз Киелі кітабынан тармақтарды қалай табуға болатынын көрсеткен дұрыс. Алайда Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға рухани өсу үшін Жазба орындарды қалай қолдануға болады?
2. Қай Жазба орындарын оқып талқылаған дұрыс?
2 Оқитын Жазба орындарын таңдап ал. Дайындық кезінде, сабақта келтірілген Жазба орнының талқыланып жатқан оймен қалай байланысқанын анықтап, сабақ барысында қай тармақтарды ашып талқылайтыныңды шешіп ал. Әдетте Киелі кітаптың ілімдеріне негіз болып табылатын Жазба орындарын оқыған абзал. Қосымша мәлімет ретінде берілген тармақтарды оқудың қажеті жоқ. Жазба орындарын таңдағанда әр адамның жағдайы мен мұқтаждықтарын ескер.
3. Неге сұрақ қою керек және мұны қалай істеуге болады?
3 Сұрақтар қой. Жазба орындарын өзің емес, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның түсіндіріп бергені дұрыс. Сол үшін жақсылап сұрақ қоя біл. Егер оған Жазба орны түсінікті болса, бұл тармақ абзацтағы мәліметті қалай растайтынын сұра. Басқа жағдайларда адамның дұрыс тұжырымға келуіне көмектесу үшін мүмкін нақты бір сұрақ немесе бірқатар сұрақтар қою керек болар. Қосымша түсініктемелерді, қажет болса, Киелі кітапты зерттеп жүрген адам жауап берген соң беруіңе болады.
4. Оқылған Жазба орнын қаншалықты түсіндіру керек?
4 Қысқа да нұсқа етіп түсіндір. Шебер садақшы бір-ақ жебемен нысанаға дәл тигізеді. Сол іспетті, шебер оқытушы бір нәрсені түсіндіру үшін көп сөз айтпайды. Ол мәліметті қарапайым, анық әрі дұрыс етіп жеткізеді. Мүмкін арагідік, қандай да бір Жазба орнын өзің түсіну үшін әрі адамға дұрыс түсіндіріп беру үшін мәсіхшілердің әдебиеттерінде іздену қажет болар (2 Тім. 2:15). Бірақ сабақ барысында әр Жазба орнын жан-жақты түсіндіруден аулақ бол. Талқыланып жатқан ойды растайтын мәліметке ғана көңіл аудар.
5, 6. Адамға Құдай Сөзін өмірінде қолдануға қалай көмектесе аламыз, бірақ неден аулақ болу керек?
5 Іс жүзінде қолданудың пайдасын көрсет. Орынды болған жағдайда адамға Киелі кітап тармақтарын жеке өзіне қандай қатысы барын көруге көмектес. Мысалы, кездесулерге бұрын-соңды келмеген адаммен Еврейлерге 10:24, 25-ті талқылап жатқанда, кездесулердің біреуі жайлы айтып беріп, соған шақырсаң болады. Бірақ оны мәжбүрлеуден аулақ бол. Ехобаға ұнайтын іс-әрекеттер жасауына оны Құдай Сөзі талпындырсын (Ев. 4:12).
6 Шәкірт дайындау тапсырмасын орындай отырып, Жазбаларды тиімді қолданып ‘сенім арқылы мойынсұнушылықты таратайық’ (Рим. 16:26, ЖД).