Жомарт сепкен мол баталарға ие болады
1 Барлығымыз да Құдай Сөзінде жазылған керемет уәделердің орындалуын асыға күтудеміз. Қазірдің өзінде Ехоба өмірімізді қуанышты ететін баталар төгуде. Алайда, әрқайсымыздың ол баталарға қаншалықты ие болатынымыз көбінесе өзіміздің қаншалықты күш салғанымызға байланысты. Елші Пауылдың айтуынша ‘жомарт сепкен жомарт жинайды’ (2 Қор. 9:6). Осы принципке қатысты өміріміздің екі саласын қарастырып көрелік.
2 Өз қызметіміз: Куәлік етуге мүмкіндік болған кездің барлығында өзгелерге ізгі хабарды уағыздағанымыздың арқасында көптеген баталарға ие боламыз (Нақ. с. 3:27, 28). Көп бауырластарымыздың қосалқы немесе жалпы ізашар ретінде және басқалай да қызметтерінің аясын кеңейтіп жүргендері мақтауға тұрарлық. Жауапкершілікті сезініп, қандай да бір қызығушылық білдірген кісілердің барлығына қайта бару және мүмкін болған кездің барлығында Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға ұсыныс жасау арқылы барлығымыз да жомарт себе аламыз (Рим. 12:11). Осылайша күш салудың арқасында жігер беретін жағдайларға кезігіп, қызметтегі қуанышымыз арта түседі.
3 Патшалықтың мүддесін қолдау: Пауыл ‘жомарт себу’ жөніндегі сөздерін материалдық нәрселермен байланыстырып айтқан болатын (2 Қор. 9:6, 7, 11, 13). Бүгінгі күні Патшалықтың мүддесін қолдау үшін, физикалық және материалдық тұрғыдан алғанда көп нәрсе істеуімізге болады. Мысалы, Патшалық Сарайлар мен конгресс Сарайларын соғуға қатыса аламыз, сондай-ақ осы шынайы ғибадат етуге арналған ғимараттарды тазалауға және күтуге атсалысуымызға болады. Сондай-ақ, жергілікті қауымның қажеттіліктері мен дүниежүзілік Патшалықты уағыздау және шәкірттер дайындау ісіне қаржылай садақа жасауға мүмкіндігіміз бар. Өз үлесімізді қоса отырып, Өзі тапсырған іске Ехобаның батасын төгіп отырғанын көру қандай қуанышты! (Малх. 3:10; Лұқ. 6:38).
4 Құдай Сөзі бізді ‘жақсылық жасай беріп, игі істерге бай әрі жомарт болып, басқалармен бөлісуге’ шақырады. Сол кеңесті ұстанар болсақ, қазірдің өзінде көптеген баталарға ие боламыз. Сондай-ақ, ‘өзімізге келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанамыз’ (1 Тім. 6:18, 19).