Қауымдарыңның аумағы үлкен бе?
1 Иса ежелгі Исраилдің кең аумағында, Яһудеяның қалаларынан бастап, Ғалилеяның ауылды аймақтарына дейін тиянақты куәлік берді (Мар. 1:38, 39; Лұқ. 23:5). Сол сияқты біз де ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамдарға уағыздауымыз керек (Мар. 13:10). Алайда бұл оңай тапсырма емес. Неліктен?
2 Қазақстандағы көптеген қауымдардың аумағы көптеген квадрат километр жерді алып жатыр. Ым тілді қауымдарды қоса алғандағы шет тілді қауымдар адам тығыз орналасқан үлкен қалаларда өз тілінде сөйлейтін адамдарды іздеп, уағыз айтып жүрген болулары мүмкін. Осындай үлкен аумақтарда тұрып жатқан адамдарға Ехоба, Иса және Патшалық жөнінде білуге көмектесу үшін не істеуімізге болады?
3 Мұқият жоспарлаңдар: Қызмет бақылаушысы мен учаскеге жауапты қызметші қауымның әрекеттерін барынша тиімді ұйымдастырулары керек. Бауырластарымыздың көпшілігі күні бойы қызмет ете алатын сенбі күндердің бірін арнайы белгілеуге болады. Алыстағы аумақта қызметке шығарда мүмкін болса күні бойы уағыз айтуды жоспарлап, түскі тамақты өздеріңмен ала шығыңдар. Уағыз айтатын аумаққа жеткенше де уақыт кететін болғандықтан, қызметке ерте жиналып, уағыздау қызметіне арналған кездесуді аумаққа жақын жерде өткізіңдер. Уағыз айтатын аумақты ескеріп, көліктегі топ шағын болғаны дұрыс. Ауылды аймақтарда уағыздауды ауа-райы да, жол жағдайы да ыңғайлы маусымдарда ұйымдастырыңдар.
4 Өзге тілде сөйлейтін аумақта уағыз айтып жүргендердің қолында сол аумақтағы мекен-жайлар мен адамдардың аты-жөні жайлы соңғы мәліметтер, сондай-ақ жаңа карталар болса, олар уақыттарын бекерге ысырап етпейді. Учаскені жариялаушылар барлық үйді аралап үлгіретіндей етіп бөліңдер.
5 Міндетті түрде өздеріңмен бірге жеткілікті мөлшерде әдебиеттер алып шығыңдар. Егер сирек уағыз айтылатын аумақ болса, адам болмаған үйлерге трактат немесе ескі журналдарды тастап кетуге болады. Егер сендердің тілдеріңде “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” деп аталатын трактат болса, жолыққан кісілердің барлығына ұсыныңдар және ешкім болмаған үйлерге тастап кетіңдер.
6 Барлығың жұмыла кірісіңдер: Үлкен аумақта уағыздау үшін қауымдағылардың барлығы жұмыла кірісуі керек. Егер ұзақ жол жүру керек болса, бір көліктегілер жанармайға ақшаны бөліп төлегендері жөн. Үй иелері сөйлесуге ықылас білдірген кезде парасаттылық таныту керек. Учаскеміздегі барлық үйді аралап шығуымыз керек екенін ешқашан ұмытпаңдар және сендерді күтіп отырған бір көлікте келген жариялаушыларды да ойлаңдар. Егер қызығушылық білдірген адаммен ұзағырақ сөйлесуді шешсеңдер, қалған жариялаушылардың қызметін жалғастыра беруіне қам жасаңдар.
7 Қызығушылық білдіргендердің барлығына қайта бару үшін арнайы шара қолданыңдар. Қайтадан байланысып, телефон арқылы қосымша куәлік беру үшін, мекен-жайымен қатар, телефон нөмірін де сұрап алуға тырысыңдар. Ауылды жердің көшелерінің атауы болмаса, немесе үйлері нөмірленбеген болса, қызығушылық білдірген адамға қайта бару үшін, жақсылап карта сызып алыңдар немесе оларды қалай табуға болатынын жазып алыңдар.
8 Исаның: ‘Қай қалаға не ауылға кірсеңдер де, сол жерде... лайық адамды іздестіріп табыңдар’,— деген бұйрығын орындау, біз үшін қандай құрмет десеңдерші! (Мат. 10:11). Осы ең пайдалы істі атқаруға дайындықпен өз өмірлеріңді арнап, күш жұмсап жатқандарың үшін, Ехобаның батасын беретіндігі сөзсіз!