Киелі кітаптың ақыл-кеңесі ескіріп қалды ма?
БІРЕУЛЕР СОЛАЙ ОЙЛАЙДЫ. Бір дәрігер Киелі кітаптың ақылына жүгіну 100 жыл бұрынғы химия оқулығын қолданып сабақ берумен парапар деп айтқан. Киелі кітапты бедел тұтпайтын баз біреулер: “Қазіргі заманауи компьютерді қалай қолдануды білу үшін байырғы компьютердің нұсқаулығын қарар ма едіңіз?”— дейтін де шығар. Рас, кейбір адамдар Киелі кітапты тозығы жеткен ескі кітап деп санайды.
Бүгінгі жоғары технология заманында осындай ескі кітапқа үңілудің қажеті бар ма? Жап-жаңа нұсқаулар мен ақыл-кеңестерге тұнып тұрған веб-сайттар мен блогтар жетіп-артылады емес пе?! Тәжірибесі мол психологтардың, дұрыс өмір үрдісін үйрететін мамандар мен жазушылардың қатысуымен өтетін телебағдарламалар да баршылық. Айналымға миллиардтаған доллар түсіріп отырған кітап дүкендері де адамның өзін-өзі тануына бағытталған кітаптарды мың-мыңдап сатуда.
Керек мәліметті лезде табуға болатын бұл дәуірде шамамен 2000 жыл бұрын жазылып кеткен Киелі кітапқа жүгінудің қажеті бар ма? Бәлкім, ескірген мұндай кітаптан кеңес іздеу заманнан қалып кеткен химия кітабын немесе ескі компьютер нұсқаулығын қолданумен парапар деп рас айтылған шығар? Бірақ бұлай ой түзу қателік болар еді. Ғылым мен технология тез дамығанмен, адамның басты қажеттіліктері сол күйі қалған жоқ па?! Адамдар әлі де өмірдің мәнін іздейді, бақыт пен қауіпсіздікке қол жеткізгісі келеді, отбасының берекелі болуын және адал достар табуды аңсайды.
Қанша көне болса да, Киелі кітапта адамның осы және басқа да қажеттіліктері туралы көп айтылады. Ондағы сөздерді жаздырған — Жаратушы Құдайдың өзі. Киелі кітаптың нұсқаулары өмірдің әр саласында тиімді және адамды түрлі қиындыққа дайын етеді (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Онда жазылған кеңестер ешқашан уақытқа жеңіліп ескірмейді. “Құдайдың сөзі тірі”,— деп Киелі кітаптың өзі де мұны растайды (Еврейлерге 4:12).
Киелі кітапқа қатысты бұл сөздердің рас екенін қайдан білеміз? Ол шынымен де ескірген бе, әлде, керісінше, ең пайдалы, ең тиімді “тірі” кітап па? “Күзет мұнарасы” журналының осы арнайы саны сізге бұл сұрақтардың жауабын табуға көмектеседі.