СІЗ БІЛГЕНСІЗ БЕ?
Неге Жүсіп перғауынның алдына қырынып барған?
Ежелгі Мысырдағы шаштараздың жұмысы бейнеленген қабырға суреті
Мұсаның 1-жазбасында айтылғандай, бірде перғауын түсін жорып беру үшін түрмеде отырған Жүсіп деген еврей жігітін тез арада әкелуді бұйырады. Ол кезде Жүсіптің қамауда отырғанына бірнеше жыл болған. Перғауын тез арада келуін талап еткенмен, Жүсіп оның алдына қырынған соң ғана барады (Мұсаның 1-жазбасы 39:20—23; 41:1, 14). Бір қарағанда маңызсыз болып көрінетін бұл жайттан осы кітапты жазған адамның Мысыр мәдениетін жақсы білгені көрінеді.
Ежелде еврей халқы, сондай-ақ басқа халықтардың көбісі сақал-мұрт қоятын. Бірақ Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында былай делінген: “Шығыс халықтарының арасында тек ежелдегі мысырлықтар ғана сақал қоймаған”.
Мысырлықтар қырынғанда, тек сақалын ғана алған ба? Бір еңбекте айтылғандай, ежелдегі мысырлықтардың әдет-ғұрпына сай, адам перғауынның алдына барарда, ғибадатханаға баратындай дайындалған (“Biblical Archaeology Review”). Олай болса, Жүсіпке бүкіл денесіндегі түкті қыруға тура келген.
Елшілердің істері кітабында Тімөтенің “әкесінің грек болғаны” айтылған. Бұл оның ұлтына нұсқай ма?
Мұны кесіп айту қиын. Елші Пауыл кейде яһудилерден басқа ұлттарды жалпылап “гректер” деп атайтын (Римдіктерге 1:16; 10:12). Бұның бір себебі — Пауыл уағыздаған аймақтардың бәрінде грек тілі мен мәдениеті кеңінен тараған еді.
Ежелде кімдерді “гректер” деп атаған? Б. з. б. IV ғасырда өмір сүрген Исократ деген афиналық шешен грек мәдениетінің кең тарағанына мақтанған. Оның айтуынша, осының арқасында грек болып туылғандар ғана емес, грекше білім алып, мәдениетін қабылдағандар да “гректер” деп аталып кеткен. Тімөтенің әкесіне және Пауыл “грек” деп атаған басқаларға келер болсақ, олар да тумысынан емес, грек мәдениетін қабылдағандықтан “грек” деп аталған болуы мүмкін. Әйтсе де, бұлай деп үзілді-кесілді тұжырым жасай алмаймыз (Елшілердің істері 16:1).