НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӨТІНІШТЕРІМІЗ ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰЛАҒЫНА ШАЛЫНА МА?
Адамдар неге Құдайға жалбарынады?
“Мен құмар ойындарға құнығып кеткен едім. Құдайдан “жолым болып, байып кетсем екен” деп тіледім. Бірақ бұл тілегім сол бойы орындалмады” (Сэмюэлa, Кения).
“Мектепте біз дұғаларды тек жатқа айтып беретінбіз” (Тереза, Филиппин).
“Құдайға басыма қиындық түскенде сиынамын. Одан күнәларым үшін кешірім өтініп, жақсы адам болайыншы деп сұраймын” (Магдален, Гана).
Осы сөздерден көрініп тұрғандай, адамдар әртүрлі себеппен Құдайға дұға етеді. Бірінің себебі екіншісіне қарағанда игі. Кейбірі шын жүректен сиынса, басқалары еш сезімсіз жаттанды дұға айтады. Адамдар мектепте емтихан тапсыруды, сүйікті спорт командаларының жеңіске жетуін, отбасыларының қиындықтарын шешуді не басқа да нәрселерді өтінсін, олардың басым көпшілігі Құдайға жалбарыну қажеттілігін сезінеді. Тіпті, бір сауалнамаға сай, кейбір адамдар ешқандай дінді ұстанбаса да, Құдайға жиі жалбарынады екен.
Сіз де дұға етесіз бе? Құдайдан не сұрайсыз? Дұға ету әдетіңіз болсын-болмасын, сізді: “Құдайға жалбарынудың пайдасы бар ма? Ол дұғамызды тыңдай ма?”— деген сұрақтар қызықтырған болар. Бір жазушы дұғаны жай ғана “аквариумдегі балықпен сөйлесу сияқты... терапияның бір түрі” деп есептейтінін айтқан. Кейбір медицина мамандары да дұғаны “балама ем-шараның” бір түріне жатқызған. Олай болса, дұға жай ғана әдет бойынша айтылатын сөздер ме? Я болмаса емдік қасиеті бар терапия ма? Әлде шын мәнінде Құдайдың құлағына шалынатын тілек-өтініш пе?
Киелі кітаптан дұғаның күші әлдеқайда зор екенін көруге болады. Онда айтылғандай, Құдай дұрыс жолмен әрі дұрыс ниетпен айтылған дұғаларды тыңдайды. Бұл рас па? Соған көз жеткізейік.
a Кейбір есімдер өзгертілген.