БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН
“Тасбақа сияқты үйімді әрдайым өзіммен бірге алып жүрдім”
1929 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тоғыз күнге созылған науқанға білек сыбана кіріскен 10 000-нан астам жариялаушы Құрама Штаттарының түкпір-түкпіріне дейін уағыздап шықты. Олар 250 000 кітап пен кітапша таратты. Патшалықты жариялаушылардың ішінде шамамен бір мыңы кітап таратушы болды. Олардың саны қаншалықты өсті десеңші! “Бюллетеньде”a ізашарлардың саны 1927 жылдан 1929 жылға дейін үш есе көбейгені “таңғаларлық жайт” деп жазылған болатын.
1929 жылдың соңында Құрама Штаттарда қаржы дағдарысы орын алды. 29 қазанда, қаралы бейсенбіде, Нью-Йорктегі қор биржасындағы бағалардың құнсыздануы жаһандық экономикалық жүйеге соққы беріп, Ұлы тоқырауға ұшыратты. Мыңдаған банк банкрот болды. Фермалар мен үлкен зауыттар өз жұмыстарын тоқтатты. Нәтижесінде миллиондаған адам жұмыссыз қалды. Ал 1933 жылы несиеге алынған үйлердің төлемақысы қайтарылмағандықтан, тартып алынған үйлер саны күніне 1000-ға дейін жетті.
Осындай қиын шақта толық уақытты қызметшілер не істеді? Олар дөңгелектері бар үйде тұрды. Жалға да, салыққа да төлеуді қажет етпеген осындай үйшіктер не көлікке тиелген вагондар көптеген ізашарға көп шығындалмай, қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік бердіb. Ал конгресс өтетін күндері жылжымалы үйшік тегін қонақ бөлмесіне айналатын. 1934 жылы “Бюллетеньде” шағын, сөйте тұра жайлы үйлерді қалай соғуға болатынына байланысты бүге-шігесіне дейін нұсқау берілді. Онда үйге суықты қалай өткізбеуге және жиналмалы төсек, тамақ пісіретін пеш пен су құбырын қалай орнатуға болатыны туралы да жазылған еді.
Дүниежүзіндегі тапқыр жариялаушылар дөңгелектері бар үйлерді соға бастады. “Нұхтың кеме соғуда тәжірибесі болмаған ғой,— дейді Виктор Блакуел есімді бауырлас.— Менің де көлікке тиелген вагондарды соғуда тәжірибем де, арнайы білімім де жоқ еді”. Соған қарамастан Виктор бұл істі жүзеге асыра алды.
Үндістандағы жаңбырлы мезгілде өзеннен өткізгелі жатқан үйшік
Авери мен Лоувиниа Бристоу есімді бауырластар жылжымалы үйшікте тұратын. Авери: “Мен тасбақа сияқты үйімді әрдайым өзіммен бірге алып жүрдім”,— деді. Осы бауырластар Харви мен Эн Конроу есімді ізашарлармен бірге қызметтес болды. Харви мен Эннің жылжымалы үйшіктерінің қабырғалары қатты қағаздан жасалған еді. Олардың үйлері қозғалған сайын қабырғаларының бөліктері түсіп қалатын. “Ешкім де бұрын-соңды осындай үйшікті көрген емес,— деп есіне алады Авери. Бірақ Авери бауырлас бұл ерлі-зайыптылар мен олардың екі ұлы жайлы “ең бақытты отбасы” деп айтқан болатын. Харви Конроу былай деді: “Біз еш нәрседен тарыққан емеспіз. Ехобаға қызмет ете жүріп өзімізді толықтай қауіпсіздікте сезіндік. Ол бізді алақанына салып жүрді”. Кейіннен олар бүкіл отбасы болып Ғалақад мектебінде білім алды және Перу еліне миссионер болып тағайындалды.
Батиноус отбасы да ізашар болып қызмет ететін. Олар Жастоу мен Винчентса есімді бауырластардың балалы болатындарын білгенде, 1929 жылы шыққан “Форд А” үлгісіндегі көлігін бұрын тұрған орындармен салыстырғанда “жақсы қонақ үйіне ұқсас” етіп жасады. Кішкентай қыздарымен бірге бұл ерлі-зайыптылар жақсы көретін қызметтеріне атсалысып, Құрама Штаттардағы итальяндықтарға уағыздауды жалғастырды.
Көп адам ізгі хабарға құлақ асты, бірақ олар кедей әрі жұмыссыз болғандықтан Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алу үшін садақа бере бермейтін. Қайта, ақшаның орнына түрлі заттар беріп, әдебиеттерді алатын. Екі ізашар қызығушылар берген 64 заттың тізімін жасағанда, бұл тізім “ауыл дүкеніндегі тауарлардың тізіміне ұқсас” болғанын айтты.
Фред Андерсон есімді бауырлас бір ферма жұмыскерін кездестіреді. Сол кісі бірнеше кітабымызды анасынан қалған көзілдірікке айырбастап алады. Көрші фермадағы бір ер кісі де әдебиеттерімізге қызығушылық білдіреді, бірақ оларды оқитын көзілдірігінің жоқ екенін айтады. Алайда көрші фермадағы адамның берген көзілдірігімен жақсы оқи алатынын көргенде, ол сол көзілдірік үшін де, әдебиеттер үшін де қуана-қуана садақа жасайды.
Херберт Аббот өз көлігінде тауық ұстайтын торды алып жүреді. Адамдар әдебиеттердің орнына үш не төрт тауық бергенде, оларды базарға апарып, сататын да, түскен ақшаға жанармай алатын. “Ақшасыз қалған кездерің болған ба?” деп сұрағанда, ол: “Иә, әрине, бірақ бұл бізді еш тоқтатпады. Көлігімізде жанармай болса болды, Ехобаға сенім артып, қызметімізді жалғастыра беретінбіз”,— деді.
Құдайға арқа сүйеп, қызмет етуге бел буғандары Ехобаның қызметшілеріне сол қиын жылдарда төзімді болуға көмектесті. Мысал үшін, Максвелл мен Еми Леус есімді бауырластардың үйлеріне дауыл кезінде тал құлап, оны екіге айырып жіберген болатын. Қуанышқа орай, олар дәл уақытында үйлерінен шығып үлгерген еді. Максвелл былай деді: “Біз мұны кедергі ретінде емес, кездейсоқ болған жағдай ретінде қабылдадық. Бірақ қызметімізді тоқтату біздің ойымызға да кіріп шықпады. Алда атқарылуы керек жұмыс көп болды, әрі біз оған атсалысуға бел буған едік”. Жақсы көретін достарының қолдауының әрі табандылық танытқандарының арқасында Максвелл мен Еми дөңгелектері бар үйшіктерін жөндеп алды.
Осы қиын қыстау күндері миллиондаған құлшынысты Ехоба куәгерлері дәл осындай жанқиярлық рухын танытуда. Бұрынырақта өмір сүрген ізашарлар сияқты олар Ехоба жұмыс аяқталды деп айтқанша уағыздау ісін жалғастыруға бел буған.
a Қазіргі атауы — “Біздің патшалық қызметіміз”.
b Сол уақыттары ізашарлардың көбісі жұмыссыз болды. Олар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді арзан бағаға алатын және сол әдебиеттер үшін берілген ерікті садақаларды қарапайым қажеттіліктеріне жарататын.