Біздің мұрағаттан
“Олар бұрын-соңды естімеген жүрекжарды хабар естіді”
“МҰНЫҢ бәрі не үшін?” Бұл сұрақты қойған Джордж Нейш Саскатун қаласында (Саскачеван, Канада) орналасқан қару-жарақ қоймасындағы 18 метрлік бөренелердің үйіндісі туралы айтқан болатын. Бұл бөренелерді Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде белгі беру посттарын соғу үшін пайдаланған. Кейін Нейш бауырлас былай деп есіне алды: “Маған бұл бөренелерден радиостансы соғуға болады деген ой келді. Сөйтіп, біз теократиялық радиостансы соғуды шештік”. Бір-ақ жылдан кейін, 1924 жылы радиомыз (CHUC) эфирге шықты. Ол Канададағы дін тақырыбындағы алғашқы радиостансылардың бірі болды.
Көлемі шамамен Еуропадай болатын Канада елі радио арқылы куәлік етуге қолайлы жер болды. Саскатундағы радиода жұмыс істеген Флоуренс Джонсон былай деді: “Радиохабарлардың арқасында өзіміз жете алмаған адамдарға шындықты жеткізу мүмкін болды. Ол кезде радио жаңадан пайда болғандықтан, адамдар радиодан айтылғанның бәрін тыңдауға ынтық болған”. 1926 жылдың қарсаңында Канаданың төрт қаласында “Киелі кітап зерттеушілерінің” (Ехоба куәгерлері бұрын осылай аталған.) өз радиостансылары болдыa.
Радиоқабылдағыштарын сол толқындардың біріне қойғанда, адамдар не естіген? Жергілікті қауымдардағы әншілер музыкалық аспаптардың не тіпті кішігірім оркестрдің сүйемелдеуімен әндер орындайтын. Әрине, бауырластар уағыз айтып, Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесетін. Осындай әңгімелерге қатысқан Эми Джонс былай деп есіне алады: “Қызметте жүріп өзімді таныстырғанда, адамдар кейде: —Иә, ия, мен сізді радиодан естігенмін,— деп жататын”.
“Телефон шалғандардың көп болғаны сонша, стансымыздың түтіні шығып кете жаздады”
Галифакстағы (Жаңа Шотландия) “Киелі кітап зерттеушілері” радиостансыларында жаңадан енген әдісті қолдана бастады. Енді тыңдаушылар оларға телефон шалып, Киелі кітапқа қатысты сұрақтар қоя алатын болды. “Мұндай радиобағдарламалар адамдарға қатты ұнады,— деп жазды бір бауырлас.— Телефон шалғандардың көп болғаны сонша, стансымыздың түтіні шығып кете жаздады”.
Кезінде елші Пауыл сияқты “Киелі кітап зерттеушілерінің” де ісіне адамдар әртүрлі қарады (Ел. іс. 17:1—5). Кейбіреулерге хабар ұнап жатты. Мысалы, Гектор Маршалл радиодан “Киелі кітап зерттеушілерінің” “Жазбаларды зерттеу” кітабы туралы естігенде, кітаптың алты томына тапсырыс берді. Кейін ол былай деп жазды: “Мен бұл кітаптарды жексенбілік мектепте тәлім бергенде қолданамын деп ойладым”. Алайда кітаптың бірінші томын оқып болған соң, Гектор шіркеуін тастауды шешті. Кейіннен ол құлшынысты жариялаушы болды әрі өле-өлгенше — 1998 жылға дейін — Ехобаға адал қызмет етті. Жаңа Шотландияның шығысында радиодан “Патшалық — дүниенің жалғыз үміті” деген баяндама айтылған соң, ертеңіне полковник Дж. Э. Макдональд жергілікті бауырласқа былай деген екен: “Кеше Кейп-Бретон аралының халқы жердің бұ шетінде бұрын-соңды айтылмаған жақсы хабарды естіді”.
Ал шіркеу басшыларына “Киелі кітап зерттеушілері” көзге шыққан сүйелдей болды. Галифакстағы кейбір католиктер олардың бағдарламаларын жариялаған радиостансыны жарып жібереміз деп қорқытты. Дінбасыларының ырқына көніп, 1928 жылы үкімет аяқ-астынан “Киелі кітап зерттеушілерінің” радиостансыларын қайта тіркеуден өткізбейтінін хабарлады. Сонда бауырластар “Ауа кімдікі?” деген парақшаларды таратып, үкіметтің әділетсіз шешіміне наразылық білдірді. Десе де үкімет “Киелі кітап зерттеушілерінің” радиостансыларын тіркеуден өткізбеу туралы шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.
Бұл Ехобаның Канададағы азғантай қызметшілерінің жігерін құм қылды ма? “Әрине, басында дұшпан бізді ойсырата жеңгендей көрінді,— деп есіне алды Изабель Уэйнрайт.— Бірақ еркіне сай келмесе, Ехоба бұған жол бермейтін еді. Ендеше, ол Патшалық туралы ізгі хабарды басқа, әлдеқайда тиімді әдіспен, жариялағанымызды қалаған болса керек”. Сол кезде “Киелі кітап зерттеушілері” радиоға көп арқа сүйемей, адамдарға үйлеріне барып уағыздай бастады. Десе де кезінде радионың арқасында адамдар “бұрын-соңды естімеген жүрекжарды хабарды естіді”. Канададағы мұрағатымыздан.
a Радио арқылы куәлік ету үшін Канададағы бауырластар коммерциялық радиостансылардан эфирлік уақыт сатып алатын.