Олардағы молшылық қажеттіліктеріңді қамтамасыз етпек
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 49 жылы. “Қауымның тірегі деп есептелетін” Петір, Жақып және Жохан елші Пауыл мен оның серігі Барнабаға тапсырма береді. Бұл екеуі халықтарға уағыздаумен қатар, кедей бауырластардың да қамын ойлап жүруі керек-тін (Ғал. 2:9, 10). Олар бұл тапсырманы қалай атқарды?
Жазған хаттарынан көрінетіндей, Пауыл бұл іске жауапкершілікпен қараған. Мысалы, Қорынт қаласындағы мәсіхшілерге ол былай деп жазды: “Қасиеттілерге арнап ақша жинауға қатысты айтар болсам, сендер де Ғалатиядағы қауымдарға берген нұсқауларыма сай әрекет етіңдер. Мен барғанда жинап жатпауларың үшін, әр аптаның бірінші күні қолда бар қаражаттарыңнан бөліп, жинап жүріңдер. Сендерге барғанымда, ізгі сыйларыңды хаттарыңда ұсынған кісілер арқылы Иерусалимге жөнелтемін” (Қор. 1-х. 16:1—3).
Қорынттықтарға арнаған екінші хатында Пауыл қаражат жинаудың мақсатына тағы назар аударып: “Тең бөлісу арқылы сендердегі молшылық олардың... қажеттіліктерін қамтамасыз етпек”,— деп жазды (Қор. 2-х. 8:12—15).
Пауыл шамамен б. з. 56 жылы Римдегі мәсіхшілерге хат жазғанда, қаржы жинау ісі аяқталуға жақын қалған еді. Ол былай деді: “Қазір қасиеттілерге қызмет ету үшін Иерусалимге жол жүрмекпін. Себебі Македония мен Ахаядағы бауырластар барларымен қуана бөлісіп, Иерусалимдегі қасиеттілердің арасындағы мұқтаждық көріп жүргендерге көмек жіберді” (Рим. 15:25, 26). Көп ұзамай Пауыл Иерусалимге оралып, тұтқынға алынады. Оның қаржы жинау ісін орындап шыққаны сол кезде римдік әмірші Феликске айтқан сөздерінен көрінеді. Ол: “Көп жылдардан кейін халқыма қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу үшін Иерусалимге келдім”,— деген (Ел. іс. 24:17).
Пауылдың македондықтар туралы айтқан сөздерінен бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің қандай рух танытқанын анық көруге болады. Елші “олардың жомарт сыйларымен қызмет етуге өз үлесін қосуға мүмкіндік беруін сұрап жалынып қоймағанын” айтты. Сондай-ақ ол Қорынттағы мәсіхшілерді македондықтарға еліктеуге талпындырып былай деді: “Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”. Қауымдарды осындай жомарттық танытуға не талпындырды? Олар “қасиеттілердің қажеттілігін жақсылап қамтамасыз етіп қана қоймай, Құдайға алғыс айтушылардың көп болуына себепші” болғысы келді (Қор. 2-х. 8:4; 9:7, 12). Біз де осындай себептермен жомарттық танытамыз. Ехоба Құдай міндетті түрде осындай риясыз, тамаша рух танытқанымыз үшін батасын береді, ал оның батасы адамды байытары сөзсіз (Нақ. с. 10:22).
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ІСКЕ САДАҚА ЖАСАУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ
Елші Пауылдың күндеріндегідей көп адам “Дүниежүзілік іске” ерікті садақа беру үшін қаражатынан белгілі бір соманы “жинап жүреді” (Қор. 1-х. 16:2). Ай сайын қауымдар бұл ерікті садақаларды Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалына жіберіп тұрады. Ерікті садақаны өз аумақтарыңдағы филиалға тікелей жіберуге де болады. Оның мекенжайын www.jw.org сайтынан табуға болады. Мұндай жағдайда садақаның сый екені айтылған қысқаша хат салып жіберу қажет. Қаржылай садақа жасаумен қатар, кейбір елдерде дүниежүзілік істі қолдаудың басқа да мүмкіндіктері бар. Олардың кейбірі төменде келтірілген.
Жылжымайтын мүлік. Сатуға жарамды жылжымайтын мүлікті бірден садақа етуге немесе өмірінің соңына дейін оны қолдану құқымен аманат етуге болады. Жылжымайтын мүлікті садақа ретінде беруге қажетті құжаттарды толтырмас бұрын, филиалмен байланысу керек.
Өсиет. Дүние-мүлікті не ақшаны заңға сай жасалған өсиет арқылы беруге болады. Бұл жағдайда өсиеттің көшірмесін филиалға жіберу қажет.