“Балалардың аузынан” шыққан жігер беретін сөздер
Ресейдің Жоғарғы соты 2009 жылдың желтоқсан айында Таганрог қаласындағы Ехоба куәгерлерінің жергілікті діни ұйымын таратып, Патшалық сарайын тәркіледі де, 34 әдебиетін экстремистік деп жариялады. Бұл жағдай Ехоба куәгерлерінің ресми сайтында жарияланды. Сонымен қатар онда Сот шешімінен зардап шеккен бауырластар мен кішкентай балалардың суреттері болды.
Бірнеше айдан соң Ресейдегі Ехоба куәгерлерінің орталығына Соттың шешімі туралы хабарды оқыған Австралияның Квинсленд штатында тұратын Куәгерлер отбасынан бір қорап пен хат келді. Хатта былай делінген болатын: “Қымбатты бауырластар, біздің балаларымыз Коуди мен Ларисса Ресейдегі бауырластардың сенімі мен сынақтары туралы естіп, қатты әсер алды. Олар бірнеше хат жазды. Сондай-ақ біз кішігірім қорапқа сыйлықтар салып жібердік. Бұл сыйлықтарды Таганрогтағы балаларға жіберіңдерші. Олар сонау алыста Ехобаға өздері сияқты адал қызмет ететін және олар туралы ойлайтын басқа да балалардың бар екенін білсін. Балаларымыз оларға үлкен сәлемдемелері мен сүйіспеншіліктерін жолдайды”.
Сыйлықтарды алған соң Таганрогтағы балалар Австралиядағы отбасына өздері салған суреттері бар ризашылық хаттарын жібереді. “Балалардың аузынан” шыққан жігер беретін сөздерге тәнті болған Ресей филиалында қызмет ететін бір бауырлас Коуди мен Лариссаға былай деп жазды: “Еш жазықсыз жазаланғанда, балалар мен үлкендер өздерін қаншалықты жаман сезінгенін ойлаңдаршы. Таганрогтағы бауырластарымыз жаман ешнәрсе істемесе де, Патшалық сарайларынан айырылып қалды. Бұл олардың көңілдерін түсірді. Бірақ жердің басқа бір түкпірінде олар туралы ойлайтын адамдардың бар екенін білгендері оларды жігерлендіріп тастайтыны сөзсіз. Жылы лебіздерің мен жомарттық рухтарың үшін рақмет” (Заб. 8:3).
Біз, расында да, дүниежүзілік бауырластықтың бөлігіміз. Бір-бірімізге танытқан сүйіспеншілігіміз бізге өмірдің тауқыметін көтеруге көмектеседі. Соттар Ехоба куәгерлерінің әдебиеттері араздық тудыратын-тудырмайтыны туралы сөз таластырып жүргенде, балаларымыз мәдени және мемлекеттік шегараларға қарамастан үнсіз бір-бірінің қамын ойлайтынын көрсетіп, Исаның келесі сөздерінің растығын паш етуде: “Менің шәкіртім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жох. 13:35).