Біздің мұрағаттан
“Мен кітап тарату ісін күннен-күнге жақсы көре түсудемін”
1886 жылы “Мыңжылдықтың таң шапағы” кітабының 1-томының жүз данасы Аллегейнидегі (Пенсильвания штаты, АҚШ) “Киелі кітап үйінен”, яки Бетелден, Чикаго қаласына (Иллинойс штаты) жөнелтілді. Чарлз Тейз Расселл осы жаңа томды кітап дүкендері арқылы таратпақ еді. Құрама Штаттардағы діни кітаптарды сататын ең ірі мекемелердің бірі “Мыңжылдықтың таң шапағы” кітабын сатылымға қоюға келісті. Алайда екі аптадан кейін біздің кітаптар “Киелі кітап үйіне” қайта оралды.
Бір әйгілі евангелист кітап дүкенінде өз кітаптарымен қатар “Мыңжылдықтың таң шапағын” көргенде, ашуға мінген екен. Егер де бұл кітап дүкенінде қалатын болса, өзі және бүкіл әйгілі евангелист достары кітаптарын алып кетіп, олармен бұдан былай істеспейтінін айтып қорқытқан. Сөйтіп, мекеме “Мыңжылдықты” қайтарып беруге мәжбүр болды. Бұған қоса бауырластар газеттерге жарнама беріп қойған еді. Бірақ қарсыластар газетпен жасалған келісімшарттардың бұзылуына қам жасады. Енді бұл жаңа басылым шындықты сусаған жандардың қолына қалай тимек?
Бұл кітап таратушылардың арқасында мүмкін болдыa. 1881 жылы “Сион күзет мұнарасында” толық уақытын Киелі кітап әдебиеттерін таратуға арнай алатын 1000 жариялаушыға үндеу салынды. Бұл іске бірнеше жүз ғана жариялаушы қатысса да, олар әдебиеттердегі шындықтың тұқымын жер-жерге себе алды. 1897 жылға таман “Мыңжылдық” кітабының миллионға жуық данасы таратылды. Мұның басым бөлігін кітап таратушылар үлестірді. Олардың көбісі адамдардың “Күзет мұнарасы” журналына жазылу үшін немесе кітап үшін берген кішігірім садақаға күн көретін.
Кітап таратушылар болып кімдер қызмет етті? Олардың арасында жасы да, жасамысы да болды. Көбісі салтбасты не баласы жоқ ерлі-зайыптылар болатын. Бүкіл отбасы болып қызмет еткендер де аз емес-тін. Толық уақытты кітап таратушылар күн ұзағына, ал қосалқылары күніне бір-екі сағат қызмет ететін. Кітап таратушысы болуға бәрінің бірдей денсаулығы мен жағдайы келе бермейтін. Алайда 1906 жылғы конгресте бұл қызметті атқару үшін адамның “өте білімдар, дарынды не сөзге шешен болуы” шарт емес екендігі айтылды.
Қарапайым ғана адамдар бұрын-соңды болмаған істі алты құрлықта атқарды. Бір бауырлас жеті жылдың ішінде шамамен 15 000 кітап таратқан екен. Сөйтсе де ол былай деді: “Мен кітап тарату қызметін жай ғана кітап сатушы болу үшін емес, Ехоба мен шындық туралы куәлік ету үшін бастадым”. Кітап таратушылар жүрген жердің бәрінде шындықтың тұқымы тамыр жайып, “Киелі кітап зерттеушілерінің” топтары көбейетін.
Дін қызметкерлері кітап таратушыларды мүсәпір кітап сатушылар деп келемеждейтін. 1892 жылғы “Күзет мұнарасында” былай делінген: “Оларды Құдайдың өкілдері деп білетіндер және осы кішіпейіл әрі жанқияр жандардың Құдай Иеміздің көзінде қандай бағалы екенін мойындайтындар кем де кем”. Кітап таратушылардың бірі айтқандай, олардың өмірі оңай емес-тін. Мықты аяқ-киім мен велосипед олардың негізгі көлігі болатын. Адамдардың қолма-қол ақшасы болмаған кезде, кітап таратушылар кітаптарды азық-түлікке айырбастайтын. Ертеден қара кешке дейін танапта еңбек еткен соң, шаршап-шалдыққан, бірақ бақытты уағыздаушылар шатырларына не жалға алған бөлмелеріне оралатын. Кейінірек кітап таратушылар арбасы пайда болдыb. Бұл көлікке тиелген үйшік уақыт пен қаражатты үнемдейтін.
1893 жылғы Чикаго қаласындағы конгрестен бастап, кітап таратушылардың арнайы кездесулері өтетін болды. Онда олар қызметте болған қызықты оқиғалармен, уағыздау тәсілдерімен және тиімді кеңестермен бөлісетін. Бірде Расселл бауырлас еңбекқор уағыздаушыларға таңғы асты тойып жеуге, түске таман бір стақан сүт, ал аптаған ыстықта салқын сусын ішуге кеңес берді.
Уағыздайтын серік іздеп жүрген кітап таратушы киіміне сары лента тағып жүретін. Жаңадан қатарға қосылған кітап таратушылар тәжірибелі бауырластарға серік болатын. Мұндай шараның шынымен де қажет болғаны қобалжыған бір жаңа кітап таратушы қыз бауырластың сөздерінен көруге болады. Ол бір әйелге кітап ұсынып жатып былай деген: “Сіз мыналарды алғыңыз келмейді ғой, иә?” Қуанышқа орай, үй иесі кітапты алуға ықылас білдірді де, кейінірек бауырлас болды.
Бір ер бауырлас: “Жалақысы жақсы жұмысымда қалып, осы іске жылына 1000 доллар садақа етіп отырайын ба, әлде өзім кітап таратушы болайын ба?”— деп ойланды. Бауырластар оған Ехоба бұл екі істі де бағалайтынын, бірақ уақытын тікелей қызметке арнайтын болса, көбірек батаға кенелетінін айтты. Мэри Хиндс кітап тарату қызметін “мейлінше көп адам үшін барынша көп жақсылық жасаудың ең тиімді жолы” деп білетін. Ал Альберта Кросби есімді ұяң бауырлас былай деді: “Мен кітап тарату ісін күннен-күнге жақсы көре түсудемін”.
Бүгінде құлшынысты кітап таратушылардың ұрпақтары мен рухани ұрпақтары олардың жолын қууда. Егер әулетіңде кітап таратушы не ізашар болмаса, неге мұны отбасылық дәстүрге айналдырмасқа? Сонда сенің де толық уақытты уағыздау қызметіне деген махаббатың күннен-күнге артатын болады.
[Сілтемелер]
a “Кітап таратушылар” 1931 жылдан кейін “ізашарлар” деп аталатын болды.
b Бұл туралы көбірек мәлімет журналдың алдағы санында жарияланатын болады.
[32-беттегі сөздер]
Бұл қызметті атқару үшін адамның “өте білімдар, дарынды не сөзге шешен болуы” шарт емес-тін
[31-беттегі сурет]
Кітап таратушы А. У. Осей 1930 жылдары Ганада
[32-беттегі суреттер]
Жоғарыда: Кітап таратушы Эдит Кин мен Гертруд Моррис 1918 жылдары Англияда. Төменде: Құрама Штаттардағы Стэнли Коссабум мен Хенри Нонкес өздері таратқан кітаптардан босаған қораптардың жанында.