Иса пайғамбар саясатқа қалай қараған?
КИЕЛІ кітапта Иса пайғамбарды саясатқа араласуға итермелеген бірнеше жайттар сипатталған. Мысалы, ол 30 жасында шомылдыру рәсімінен өткен соң көп ұзамай-ақ, Ібіліс оған әлемнің билеушісі болуды ұсынды. Тағы бір жолы қалың жұрт Иса пайғамбарды өздерінің патшасы еткісі келді. Кейін адамдар оны саясаткер етуге тырысып бақты. Осы үш жағдайда Иса қалай әрекет етті? Қарастырып көрейік.
Әлемнің билеушісі. Киелі кітаптан көрінетіндей, Ібіліс Исаға “әлемнің барлық патшалықтарының” үстінен билік етуді ұсынған. Ойлап көріңізші, Иса осы ұсынысты қабыл алғанда қиянат көріп жүрген қарақұрым халыққа қаншама жақсылық істей алар еді! Саясатқа белсене араласып, халық десе ішкен асын жерге қоятын адам мұндай ұсыныстан бас тартпасы анық. Ал Иса, керісінше, бас тартты (Матай 4:8—11).
Патша. Сол заманда көп адам елдің экономикалық және саяси қиындықтарын шешіп беретін басшы келгенін қалады. Сондықтан Иса пайғамбардың қабілеттеріне тәнті болған жұрт оны саясатқа араластырғысы келді. Ол бұған қалай қарады? Киелі кітапта былай делінген: “Олардың өзін ұстап алып, патша етпекші болғанын білген Иса тағы да тауға жалғыз кетіп қалды” (Жохан 6:10—15). Бұдан Иса пайғамбардың саясатқа мүлдем араласқысы келмегені анық көрінеді.
Саяси қайраткер. Иса пайғамбардың өлеріне бірнеше күн қалғанда не болғанын көрейік. Бірде Рим империясынан тәуелсіз болуды көксеген парызшылдардың шәкірттері мен иродтықтар деп аталатын Римге жақ болған саяси партияның мүшелері Иса пайғамбарға жолыққан еді. Олар пайғамбардан: “Яһудилер Римге салық төлеу керек пе?”— деп сұрады. Осылайша оның екі жақтың біреуіне жақтасқанын қалады.
Иса пайғамбар бұған былай деп жауап берді: “Мені неге сынайсыңдар? Маған динарды әкеліп көрсетіңдерші”,— деді. Олар біреуін әкеліп берді. Сонда ол: “Мына сурет пен жазу кімдікі?”— деп сұрады. Олар: “Патшанікі”,— дегенде, Иса: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер”,— деді” (Марқа 12:13—17). Бір еңбекте Иса пайғамбардың неліктен бұлай жауап бергені түсіндірілген еді: “Ол саяси белсенді мәсіх болудан бас тартып, патшаға тиесілі нәрсе мен Құдайға тиесілі нәрсенің аражігін ажыратып берді” (“Church and State—The Story of Two Kingdoms”).
Иса пайғамбар кедейшілік, парақорлық пен әділетсіздік сияқты қиындықтарға бей-жай қарады дей алмаймыз. Киелі кітаптан көрінетіндей, айналасындағы адамдардың мүшкіл халі оның қабырғасын қайыстырған еді (Марқа 6:33, 34). Алайда кейбіреулер пайғамбарды даулы мәселелерге араластыруға қанша тырысқанмен, ол әлемде әділеттілік орнатуға тырыспады.
Осы мысалдардан анық көрінетіндей, Иса пайғамбар саяси істерге араласудан бас тартқан. Оның бүгінгі ізбасарлары жайлы не деуге болады? Олар саясатқа қалай қарау керек?