“Мен қалайша уағыздай аламын?”
Дүниенің төрт бұрышында ауыр сырқаттарына қарамастан, уағыздау ісіне табандылықпен атсалысып жүрген бауырластар көп. Солардың бірі — Литваның астанасы Вильнюста тұратын Далия бауырлас.
Далия 30-дың бел ортасында. Ол туғаннан миына қан құйылудың зардабын көруде: дұрыс сөйлей алмайды әрі денесі сал болып қалған. Сондықтан оның айтқандарын тек отбасы мүшелері ғана жақсы түсіне алады. Далия анасы Галинаның қолында тұрады. Өмірі уайым-қайғыға толы болса да, Далия өмірдің жақсы жақтарын көре білуге тырысады. Қалайша?
Галина былай дейді: “1999 жылы біздің үйге бөлем Аполинья келді. Біз оның Ехоба куәгері екенін және Киелі кітапты жақсы білетінін байқағанбыз, сондықтан Далия оған сұрақтар жаудырды. Содан көп ұзамай Далиямен зерттеу басталды. Далияның сөзін түсіндіріп беру үшін мен де арагідік зерттеуге қатысып тұрдым. Оқып жатқанының бәрі қызыма жақсы әсер етіп жатқанын байқап, көп кешікпей мен де Киелі кітапты зерттей бастадым”.
Киелі кітап шындықтарын түсіне бастағанда, Далияда бір сұрақ туып, көкейінен шықпай қойды. Ақырында, ол Аполиньядан былай деп сұрады: “Мен сияқты сал адам қалайша уағыздай алады?” (Мат. 28:19, 20). Аполинья болса сабыр үнмен: “Еш қорықпа, саған Ехоба көмектеседі”,— деп сендірді. Солай болды да.
Далия қалай уағыздап жүр? Оның бірнеше әдісі бар. Қыз бауырластар оған Киелі кітап хабары бар хаттарды дайындауға көмектеседі. Алдымен, Далия хатта не айтқысы келетінін білдіреді. Содан кейін қыз бауырластар оның ойларын қосып, хат жазады. Сондай-ақ Далия ұялы телефоннан СМС жолдап куәлік етеді. Ал ауа-райы қолайлы болса, қауым мүшелері оны саябақта не көшеде уағыздауға алып шығады.
Далия мен анасы екеуі рухани өсіп, 2004 жылдың қараша айында Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтті. 2008 жылдың қыркүйек айында Вильнюс қаласында поляк тіліндегі топ құрылды. Жариялаушыларға деген қажеттілік болған соң, Далия мен анасы сол топқа ауысты. Далия бұл жайында былай дейді: “Кейде мен бұл айда әлі қызмет етпедім ғой деп уайымдап кетемін. Бірақ Ехобаға бұл туралы дұға етсем болғаны, міндетті түрде біреу-міреу мені қызметке шақырады”. Аяулы бауырласымыз өзінің жағдайына қалай қарайды? Ол былай дейді: “Сырқатым тәнімді сал қылғанымен, ой-санам сау. Сондықтан басқаларға Ехоба жайлы айта алғаным үшін бақыттымын!”