Иә, бұл “Күзет мұнарасының” зерттеуге арналған саны!
Біз зерттеуге арналған басылымның көзге тартымды әрі Ехобаның баға жетпес Сөзін зерттеуге тиімдірек болатындай етіп өзгерттік (Заб. 1:2; 118:97).
Осыдан төрт жыл бұрын “Күзет мұнарасының” екі түрі жарық көре бастады: біреуі көпшілікке, ал екіншісі Ехоба куәгерлері мен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға арналған.
Ехобаға көп жылдан бері қызмет етіп жатқан бауырлас журналдың зерттеуге арналған санына қатысты пікірін былай деп білдірген: “Күзет мұнарасының” зерттеуге арналған алғашқы санын көргенде қуанышым қойныма сыймай, “Неткен керемет! Неткен ғажап!” дедім. Терең рухани ойлар жүрекке жететіндей етіп жазылған. Жаңа басылым үшін көп-көп рақмет”. Ал басқа бір ер бауырлас: “Мен журналдың зерттеуге арналған саны мен Киелі кітабымды алып, жеке зерттейтін уақытты тағатсыздана күтемін”,— дейді. Сенің де сезімдерің осындай болғанына күмәніміз жоқ.
Өзің білетініңдей, “Күзет мұнарасы” журналы 1879 жылдан бері Ехобаның рухы мен батасының арқасында басылып келеді (Зәк. 4:6). 133 жыл ішінде журналдың мұқабасы бірнеше рет өзгерді. 2012 жылы зерттеуге арналған журналдың мұқабасында уағыздап жатқан жариялаушылардың суреті болады. Бұл сурет Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік ету тапсырмамызды есімізге салып отырады (Ел. іс. 28:23). Ал екінші бетте бұл суреттің қандай жағдайда және қай жерде түсірілгенін қысқаша баяндалады. Журналдың бұл ерекшелігі Ехобаның халқы ізгі хабарды “күллі әлемге” уағыздап жатқанын еске салып отырады (Мат. 24:14).
Журналдың басқа қандай ерекшеліктері бар? Қайталауға арналған сұрақтар енді мақаланың басында болады. Бұл бізге оқу мен зерттеу барысында мақаладан қандай басты ойларды іздеу керектігін біліп отыруға көмектеседі. Әрине, “Күзет мұнарасын” жүргізуші бұл сұрақтарды әрі қарай да кездесудің соңында қайталау үшін қолдана береді. Сондай-ақ журналдың жиегіндегі орын біршама кеңейтілгенін және абзацтардың нөмірлері қара қаріппен жазылғанын байқаған боларсың.
Осы санда түсіндірілгендей, журналға “Біздің мұрағаттан” деген айдар қосылды. Онда Ехоба куәгерлерінің тарихындағы елеулі оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ “Олар дайындық рухын танытты” деген айдарда оқта-текте өмірбаяндар жарияланатын болады. Бұл өмірбаяндарда Патшалық хабарын жариялаушыларға қажеттілік көп жерде қызмет еткен бауырластардың қанағат, бақыт және қуанышқа кенелгені туралы оқимыз.
Бұл журналдың көмегімен Құдай Сөзін зерттеудің рақатын көрулеріңе тілектеспіз.
Баспагерлер
[3-беттегі сурет]
1879 жыл
[3-беттегі сурет]
1895 жыл
[3-беттегі сурет]
1931 жыл
[3-беттегі сурет]
1950 жыл
[3-беттегі сурет]
1974 жыл
[3-беттегі сурет]
2008 жыл