Құдайға жақында
“Сенің патшалығың мәңгілікке нығаяды”
БИЛІК басына тарих бойы қаншама адамның келіп-кеткенін білеміз. Кейбіреулері қайта сайланбағандықтан тақтан түскен болса, басқа біреулерін күшпен түсірген. Ал көктегі Құдай Патшалығының патшасы Иса Мәсіхтің билігі туралы не айтуға болады? Әлдекім оған Құдай тағайындаған патша ретінде билік жүргізуіне кедергі жасай ала ма? Бұл сұрақтың жауабын Патшалықтар туралы 2-жазбаның 7-тарауында жазылған Ехобаның ежелгі Исраил патшасы Дәуітке айтқан сөздерінен көруге болады.
Бұл тарау Дәуіт патшаның өзін ыңғайсыз сезініп айтқан сөздерімен басталады. Құдайдың келісім сандығы қарапайым шатырда, ал өзі, жұмыр басты пенде бола тұра, зәулім сарайда тұрып жатқан едіa. Содан Дәуіт Ехоба Құдайға арнап лайықты орын немесе ғибадатхана соғу ниетін білдірді (2-тармақ). Алайда мұндай үйді соғатын Дәуіт емес еді. Сондықтан Ехоба Натан пайғамбар арқылы Дәуітке ғибадатхананы оның ұлы соғатынын мәлімдеді (4, 5, 12, 13-тармақтар).
Алайда Дәуіттің шын көңілден шыққан ниеті Ехобаға қатты ұнады. Сондықтан Ехоба Натан пайғамбар арқылы Дәуітке былай деп берік уәде берді: “Сенің үйің мен патшалығың Менің көз алдымда мәңгілікке нығаяды, ұрпақтарыңның патшалық тағы мәңгі тұратын болады” (16-тармақ). Осылайша Дәуіттің адалдығы үшін және өз ниетіне сай болғандықтан, Ехоба онымен келісім жасап, ұрпағынан шыққан бір тұлға мәңгілік билік ететінін мәлімдеді. Осы келісім бойынша мәңгілік патша болатын мұрагер кім? (Забур 88:21, 30, 35—37).
Назареттік Иса Дәуіт патшаның ұрпағы болатын. Оның туылатынын хабарлаған періште былай деген: “Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Иса Жақыптың үрім-бұтағына мәңгі-бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегі болмайды” (Лұқа 1:32, 33). Дәуітпен жасалған келісім Иса Мәсіхте жүзеге асты. Олай болса, Иса Мәсіх адам сайлағаннан емес, Құдай берік уәде бергендіктен патша болды. Сол себепті де оның мәңгілік билік етуге құқы бар. Ал Құдайдың уәдесі ешқашан орындалмай қалған емес (Ишая 55:10, 11).
Патшалықтар туралы 2-жазбаның 7-тарауынан екі маңызды жайтты білеміз. Біріншіден, Иса Мәсіхтің билігіне ешбір тұлға да, ешбір нәрсе де кедергі бола алмайды. Сондықтан оның билігінің арқасында Құдайдың еркі көкте орындалғандай, жерде де толығымен орындалатынына сенімді бола аламыз (Матай 6:9, 10).
Екіншіден, Ехобаның қандай Құдай екенін білеміз. Ол Дәуіттің көңіліндегі ниетін көріп, жоғары бағалады. Ехобаның шынайы ғибадатқа деген адалдығымызды көріп, бағалайтынын білгеніміз бізді де жұбатады. Өйткені жағдайымызды түзету жиі қолымыздан келе бермейді. Бұған қоса денсаулықтың нашарлауы, жастың ұлғаюы Құдайға көбірек қызмет етуге кедергі жасайды. Олай болса, шынайы ғибадатқа деген адалдықтан туындаған ішкі ниетіміздің Ехобаға аян екенін білу көңілімізге демеу берсін.
[Сілтеме]
a Келісім сандығы Ехобаның басшылығымен және берген жобасымен жасалған болатын. Бұл киелі сандық Ехоба Құдайдың ежелгі Исраил халқымен бірге екендігін білдірген (Мысырдан шығу 25:22).