Ол өзі жайлы не айтқан?
“Иса өзінің кім болғанын, қайдан келгенін, неге келгенін және алдында не күтіп тұрғанын жақсы білген” (ЖАЗУШЫ ХЕРБЕРТ ЛОКЬЕР).
ИСА пайғамбардың ілімін қабыл алып, оларға жүгінбес бұрын, оның өзі жайлы біліп алуымыз қажет. Иса Мәсіх шын мәнінде кім болған? Ол қайдан келген? Өмірде қандай мақсатты көздеді? Бұл сұрақтарға оның өзі қалай жауап бергенін Матай, Марқа, Лұқа және Жохан жазған Інжілден оқып білейік.
Ол жерге келмес бұрын өмір сүрген. Бірде Иса: “Ыбырайым тумастан бұрын-ақ Мен бар болатынмын!”— деген (Жохан 8:58 сілтеме). Ыбырайым пайғамбар Иса туылғаннан 2 000 жыл бұрын өмір сүрген. Сонда осы адал рубасы дүниеге келмес бұрын Иса қайда тіршілік еткен? Бұған оның өзі: “Көктен... келдім”,— деп жауап берген (Жохан 6:38).
Құдайдың рухани Ұлы. Ехоба Құдай қыруар періштелерді жаратты. Олар — Құдайдың рухани ұлдары. Алайда көкте өмір сүрген Иса олардан ерекше болған. Киелі кітапта оның өзі жайлы “Құдайдың жалғыз рухани Ұлы” деп айтқан сөздері бар (Жохан 3:18). Бұл тіркес Исаны Құдай о баста тікелей өзі жаратқанына нұсқайды. Ал қалған жаратылыстардың бәрін Құдай осы рухани Ұлымен бірге жаратқан (Қолостықтарға 1:16).
“Адам Ұлы”. Иса өзі жайлы айтқанда осы тіркесті жиі қолданатын (Матай 8:20). Бұл оның адами тәнге иеленген немесе біреудің тәніне енген періште емес, барлық жағынан нағыз адам болғанын көрсетеді. Құдай рухани Ұлының көктегі өмірін киелі рухы арқылы жердегі пәк қыз Мәриямның құрсағына салған. Нәтижесінде Иса кемелді әрі мінсіз адам болып туылды (Матай 1:18; Лұқа 1:35; Жохан 8:46).
Уәде етілген Мәсіх. Бірде самариялық әйел Исаға: “Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін”,— деген. Сонда Иса: “Сенімен сөйлесіп тұрған Мен соның Өзімін”,— деп айтқан (Жохан 4:25, 26). “Мәсіх” деген сөз “Майланған” дегенді білдіреді. Құдай өзінің еркін жүзеге асыру үшін Исаны ерекше қызметке тағайындаған немесе майлаған.
Оның жерге келуінің басты мақсаты. “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды басқа қалаларға да жариялауға тиістімін. Мен сол үшін осында жіберілдім”,— деген Иса пайғамбар (Лұқа 4:43). Ол адамдарға көп жақсылық жасаса да, басты назарын Құдай Патшалығы туралы хабарды уағыздауға аударған. Осы Патшалық туралы оның не айтқанын келесі беттерде қарастырамыз.
Иса Мәсіхтің жай пайғамбар болмағаны анықa. Оның көкте өмір сүргені жерге келгенде айтқан сөздерін салмақты ете түсті. Сондықтан да оның уағыздаған хабары қыруар адамның өміріне әсер еткені бізді таңғалдырмайды.
[Сілтеме]
a Иса Мәсіхтің Құдай ниетінің орындалуында алатын рөлі жайлы көбірек мәлімет алу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 4-тарауын қараңыз.