Шындықтың дәні шалғай аймақтарға себілді
СІБІРДІҢ қиыр шетінде Монғолиямен шекаралас жатқан Ресейдің Тува деген республикасы бар. Халқының көпшілігі Патшалық туралы ізгі хабарды жеткізу қиын шалғай ауылдарда тұрады. Біраз уақыт бұрын Туваның әртүрлі аймағынан республиканың астанасы Кызыл қаласына бір топ маман семинарға жиналды. Сол қалада ізашар болып қызмет ететін Мария мұны естігенде, қонақтарға ізгі хабарды айту мүмкіндігі туғанын түсінді.
“Семинар мен істейтін мектепте өтпек еді. Онда нашақорлықпен күресу мәселесін қарастыру жоспарланды. Туваның түкпір-түкпірінен елу шақты маман жиналды. Араларында мұғалімдер, психологтар мен бала тәрбиесі органдарының инспекторлары болды”,— деді Мария. Бұл шындық дәнін себудің жақсы мүмкіндігі болғанымен, Мария үшін бұл оңай емес еді. Мұның себебін түсіндіріп, ол былай деді: “Табиғатымнан ұялшақ адаммын, сондықтан әңгіме бастап кетуім қиын. Алайда қорқынышты жеңіп, қонақтарға уағыз айта алуым үшін Ехобадан батылдық сұрадым”. Мұның нәтижесі қандай болды?
“Фобия туралы жазылған “Ояныңдар!” журналын тауып алдым. Психологтарға қызықты болар деген оймен журналды жұмысқа ала келдім. Сол күні оны кабинетіме бір шаруамен кірген мұғалімге ұсындым. Ол өзінің фобиясы бар екенін айтып, журналды қуана алды. Ертеңіне оған “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” деген кітаптың 1-томын әкеп бердім. Оны да қуана алды. Сонда мен әдебиеттеріміз басқа мұғалімдерге де қызықты болуы мүмкін деп ойладым. Сөйтіп мектепке бір сөмке кітап пен түрлі журналдар алып келдім”. Көп ұзамай-ақ бәрі таратылып кетті. Басқалардың қолынан кітапты көрген бес-алты мұғалім Марияның өзіне келіп: “Кітап қай жерде таратылып жатыр?”— деп сұраған екен.
Семинар сенбі күні бітетін болды. Бірақ бұл күні Мария жұмыс істемейтіндіктен, кабинетіндегі үстел үстіне әдебиеттер қойып, тақтаға: “Құрметті мұғалімдер! Өздеріңіз және таныстарыңыз үшін әдебиет алсаңыздар болады. Бұл керемет басылымдар еңбектеріңізді жемісті, отбасыларыңызды берік етуге көмектеседі”,— деп жазып кетті. Бұл қандай нәтиже берді? “Сол күні жұмыс орныма соғып кеттім. Кабинетіме кіргенде қалдырған әдебиеттердің көпшілігін алып кеткенін байқадым. Тарататын әдебиеттерім азайып қалғандықтан, тез арада орнын толтырып қойдым”,— деді Мария. Семинар кезінде ол 380 журнал, 173 кітап және 34 кітапша таратыпты. Қонақтар шалғай ауылдарына әдебиеттерді өздерімен ала кетті. Шындық дәнінің осылайша Туваның түкпір-түкпіріне себілгеніне Мария қуанышты болды (Екк. 11:6).
[32-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
РЕСЕЙ
ТУВА РЕСПУБЛИКАСЫ