Оқырман сауалдары
Жазбаларда ‘Яшардың кітабы’ және ‘Жаратушы Иенің шайқастар кітабы’ атап өтілген (Пат. 2-ж. 1:18; Ру. сан. 21:14). Бұл кітаптың екеуі де Киелі кітапқа енбеген. Олар киелі рухтың жетелеуімен жазылып, кейіннен жоғалып кеткен бе?
Бұлай деуге еш себеп жоқ. Киелі рухтың жетелеуімен Киелі кітапты жазғандар кейбір өзге қолжазбаларға сілтеп отырған. Бұлардың кейбірі басқаша атаумен белгілі болған Жазбаларға енген кітаптар болуы мүмкін. Мысалы, Шежірелер 1-жазба 29:29-да ‘болжағыш Самуилдің жазбалары’, ‘Нафан пайғамбардың жазбалары’ және ‘Гад көрегеннің жазбалары’ атап өтілген. Бұл жерде 1-ші және 2-ші Патшалықтар деген атаумен белгілі кітаптар не бәлкім, Билер кітабы жайлы айтылғанға ұқсайды.
Ал өзге жағдайларда атаулары Киелі кітапқа енген жазбалардың атауларына ұқсас келгенмен, оның құрамына енбеген кітаптарға нұсқалуы мүмкін. Мысалға келесі төрт көне кітапты алайық: ‘Иудея патшаларының жылнамасы’, ‘Иудея мен Исраил патшаларының кітабы’, ‘Исраил патшалары кітабы’, ‘Исраил және Иуда патшалары кітабы’. Атаулары Киелі кітаптағы Патшалықтар туралы 1-ші және 2-ші жазбалар кітаптарына ұқсас болғанмен, олардың төртеуі де киелі рухтың жетелеуімен жазылмаған және оның құрамына енбеген (Пат. 3-ж. 14:29; Шеж. 2-ж. 16:11; 20:34; 27:7). Олар Еремия пайғамбар мен Езра Киелі кітапта баяндалған оқиғаларды жазған уақытта қолда болған тарихи қолжазбалар болса керек.
Иә, кейбір Киелі кітап жазушыларының қолда бар, бірақ Киелі рухтың жетелеуімен жазылмаған тарихи деректер мен қолжазбаларға нұсқаған не соларға жүгінген кездері болған. Мысалы, Естер 10:2-де ‘Мидия және Парсы патшаларының күндізгі жазбалары кітабы’ атап өтілген. Ал Лұқа өзінің атымен аталатын кітабында: ‘Бәрін басынан бастап ұқыпты зерттедім’,— деген. Ол Исаның ата-тегін жазғанда, қолда болған жазбаларға жүгінгені жайлы айтқан болса керек (Лұқа 1:3; 3:23—38). Лұқа жүгінген жазбалар рухтың жетелеуімен жазылмағанмен, ол жазған Ізгі хабардың рухтың жетелеуімен жазылғаны анық, әрі ол біздің күнімізде де бағалы.
Ал сұрақта айтылған ‘Яшардың кітабы’ мен ‘Жаратушы Иенің шайқастар кітабына’ келетін болсақ, олар рухтың жетелеуімен жазылмаған қолжазбалар болса керек. Сол себепті Ехоба олардың сақталуына қам жасамады. Жазбаларда осы кітаптарға нұсқалатынына қарап, Киелі кітапты зерттеуші ғалымдар аталмыш екі кітапта Исраил халқы мен олардың жауларының арасындағы соғыстар туралы өлеңдер не әндер жазылған деген тұжырымға келген (Пат. 2-ж. 1:17—27). Бір Киелі кітап энциклопедиясында айтылғандай, аталмыш кітаптарға “исраил халқының эпикалық және лирикалық жырларын ауыздан-ауызға таратқан ежелгі Исраилдегі кәсіби әншілердің репертуарындағы танымал әндер” енген болса керек. Тіпті пайғамбарлық еткен не аян алып отырған Құдайдың кейбір қызметшілерінің жазып қалдырған қолжазбаларының ішінде рухтың жетелеуімен жазылмаған әрі “тәлім беру, әшкерелеу, түзету үшін тиімді” Жазбаларға енбеген қолжазбалар да болған (Тім. 2-х. 3:16; Шеж. 2-ж. 9:29; 12:15; 13:22).
Кейбір кітаптардың Жазбаларда атап өтілгеніне және мәлімет көзі ретінде қолданылғанына қарап, олар киелі рухтың жетелеуімен жазылған деген тұжырым жасай алмаймыз. Алайда Ехоба Құдай өзінің сөзі жазылған барлық жазбалардың сақталуына қам жасаған әрі олар “мәңгілік қалады” (Ишая 40:8). Ехоба Киелі кітаптың 66 кітабына енгізуді шешкен мәліметтің ішінде біздің ‘барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болуымыз’ үшін қажеттінің бәрі бар (Тім. 2-х. 3:16, 17).