Оқырман сауалдары
Леуіліктер 3:17-дегі заңда исраилдіктерге ‘іш майды жеуге’ тыйым салынса да, Нехемия 8:10-да оларға “майлы нәрселерді жеу” (ЖД) туралы айтылған. Бұны қалай түсінуге болады?
Нехемия 8:10-дағы “майлы нәрселер” және Леуіліктер 3:17-гі ‘іш май’ деп аударылған сөздер түпнұсқада әртүрлі сөздермен берілген. Леуіліктер 3:17-гі ‘іш май’ деп аударылған еврейдің килев сөзі жануардың не адамның майына нұсқайды (Леуі. 3:3; Би. 3:22). 17-тармақтың мәнмәтінінен көрінетіндей, исраилдіктер құрбандыққа шалынған малдың ішегінен сылынып алынған және жамбасындағы майды, сондай-ақ бүйрегін жемеулері керек еді, өйткені майдың бәрі “Жаратушы Иеге арналған құрбандық” болып есептелетін (Леуі. 3:14—16). Сондықтан Ехобаға ұсынылған малдың майын жеуге болмайтын.
Ал Нехемия 8:10-да “майлы нәрселер” деп машманим сөзі аударылған. Еврей жазбаларында бұл сөз тек осы тармақта кездеседі. Ол “семіру, толу” дегенді білдіретін шамен етістігінен шыққан. Осы етістікпен байланысты бірқатар сөздің астарында жатқан негізгі ой өркендеу, жақсару дегенді білдіретінге ұқсайды (Ишая 25:6 салыстыр). Бұл етістіктен шыққан сөздердің ішіндегі ең жиі қолданылатыны шимен зат есімі, ол көбінесе “сұйық май” деп аударылады және бұл сөз “зәйтүн майы” сөзінің құрамында да кездеседі (Заң. қ. 8:8; Леуі. 24:2). Сондықтан Нехемия 8:10-да қолданылған машманим сөзі сұйық май көп қосылған, тіпті кішігірім майы бар ет (құр майдың өзі емес) қосылған тағамға нұсқайтынға ұқсайды.
Исраилдіктерге жануардың майын жеуге тыйым салынғанмен, олар өте нәрлі, дәмді тағамдарды жей алатын. Күлше нан сияқты кейбір тағамдар жануардың емес, өсімдік майына, көбінесе зәйтүн майына, пісірілетін (Леуі. 2:7). Олай болса, “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясында айтылғандай, “майлы нәрселер” “мол татымды ас-ауқатқа, яғни құнарсыз не құрғақ емес, өсімдік майымен әзірленген дәмді заттарды қоса алғанда, нәрлі нәрселерге, нұсқайды”.
Әрине, мәсіхшілер Мұса заңында жануардың майын жеуге тыйым салынғанын біледі. Бірақ бұл Заң бойынша өмір сүрмейтіндіктен, құрбандық малына қатысты талаптарды да ұстанбайды (Рим. 3:20; 7:4, 6; 10:4; Қол. 2:16, 17).