“Теңіз әні”. Бұл қолжазба несімен ерекше?
ӨТКЕН жылы 22 мамырда Иерусалимдегі Исраил мұражайында б. з. VII не VIII ғасырында жазылған еврей шиыршығының үзіндісі көрмеге қойылды. Бұл — Мысырдан шығу 13:19—16:1 тармақтардың қолжазбасы. Онда исраилдіктердің керемет түрде Қызыл теңізден өткен кезде айтқан “Теңіз әні” деген атаумен белгілі жеңіс әні де бар. Қолжазбаның көпшілікке ашылуы неге көңіл қоярлық оқиға болды?
Осы қолжазбаны ерекше ететін нәрсе — оның жазылған уақыты. Өлі теңіз шиыршықтары б. з. б. III ғасыр мен б. з. I ғасырының аралығында жазылған еді. Ал олардан шамамен 60 жыл бұрын табылған Алеппо кодексі сол кезде ең көне еврей қолжазбасы болып есептелетін. Ол б. з. 930 жылы жазылған. Кейбір кішігірім үзінділерді есепке алмағанда, осы бірнеше ғасыр аралығында жазылған басқа ешқандай еврей қолжазбасы табылмаған еді.
Исраил мұражайының жетекшісі Джеймс Снайдер былай дейді: “Теңіз әні қолжазбасы... Өлі теңіз шиыршықтары мен Алеппо кодексінің арасындағы көпір іспетті”. Оның айтуынша, “Теңіз әні” Киелі кітаптың басқа да көне қолжазбаларымен қатар, “мәтіннің өзгермегенінің керемет үлгісі болып табылады”.
Бұл шиыршықтың үзіндісі Каирдегі синагогада (Мысыр) 19 ғасырдың соңында табылған көп қолжазбаның бірі болып есептеледі. Алайда еврей қолжазбаларын жинаушы кісі 1970 жылдардың аяғына таман бір маманмен ақылдаспайынша, қолында қаншалықты құнды қолжазбаның бар екенін түсінбеген. Сөйтіп, үзіндінің жазылу уақыты радиокарбон әдісі арқылы анықталып, Исраил мұражайында көрмеге қойылмайынша, архивте сақталды.
Исраил мұражайындағы Таурат бөлімінің басшысы әрі Өлі теңіз шиыршықтарына жауапты Адольфо Роитман бұл үзіндінің маңыздылығы туралы былай деді: “Теңіз әні қолжазбасынан Киелі кітаптың Масореттік мәтіннің ғасырлар бойы тура көшірілгенін көруге болады. Теңіз әнінің стилі 7, 8-ші ғасырларда қандай болған болса, бүгінгі күні де дәл сондай болып қалғаны таңғалдырады”.
Шынында да, Киелі кітап — Құдай Сөзі. Оның сақталуына Ехоба Құдайдың өзі қам жасаған. Ал көшірмешілер Жазбаларды мұқият көшірген. Сондықтан бүгінгі Киелі кітаптың мәтінінің туралығына толық сенімді бола аламыз.
[32-беттегі түпдерек]
Courtesy of Israel Museum, Jerusalem