Оқырман сауалдары
Елші Пауыл Еврейлерге жазған хатында ‘қол қою’ жөнінде айтқан. Ол мұнда ақсақалдарды тағайындауды айтты ма, әлде басқа жайтты айтты ма? (Евр. 6:2).
Мұнда Пауыл адамдарға киелі рух дарындарын беру үшін үстеріне қол қоюды айтқан болу керек.
Рас, Киелі кітапта ‘қол қою’ сөзі теократиялық міндеттерге тағайындау жөнінде айтқанда қолданылған. Мысалы, Мұса өзінің орнына Ешуаны тағайындағанда оның ‘төбесіне қолын қойған’ (Заң. қ. 34:9). Мәсіхшілер қауымында да кейбір лайықты ер адамдар үстеріне қол қою арқылы тағайындалған (Ел. іс. 6:6; Тім. 1-х. 4:14). Ал Пауыл адамдардың үстеріне асығыстықпен қол қоймау туралы кеңес берген (Тім. 1-х. 5:22).
Бірақ Пауыл еврей мәсіхшілерді ‘ең бастапқы тәлімді былай қойып’, ‘жетілу үшін алға басуға’ талпындырды. Сосын, ол ‘рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан бас тарту, Құдайға сенім арту, шомылдыру рәсімі мен қол қойып бата беру’ жөнінде айтты (Евр. 6:1, 2). Мәсіхшілер үшін ақсақал ретінде тағайындалу алға басуға бастайтын бастапқы тәлім ғана ма? Жоқ. Бұл — рухани толысқан бауырластар қол жеткізуге ұмтылып, оған тағайындалған соң бағалау керек мақсат (Тім. 1-х. 3:1).
Алайда Киелі кітапта ‘қол қою’ деген тіркес басқа да жағдайға қатысты қолданылған. Бірінші ғасырда Ехоба Исраил халқынан бас тартып, орнына рухани Исраилді, яғни майланған мәсіхшілер қауымын, таңдап алды (Мат. 21:43; Ел. іс. 15:14; Ғал. 6:16). Бұған олардың бөтен тілдерде сөйлеу сияқты киелі рухтың ғажайып дарындарына ие болғаны дәлел болды (Қор. 1-х. 12:4—11). Корнел мен оның үй-іші сенушілер қатарына қосылғанда да, оларға киелі рух қонды. Бұл олардың ‘әр түрлі тілде сөйлей’ бастағанынан көрінді (Ел. іс. 10:44—46).
Кейде киелі рухтың дарындары адамдардың үстіне қол қою арқылы берілетін. Мысалы, Філіп Самарияда ізгі хабарды жариялағанда, көп адам шомылдыру рәсімінен өтеді. Кейіннен, басқарушы кеңес ол жерге елші Петір мен Жоханды жібереді. Неге? Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Екі елші олардың [шомылдыру рәсімінен жаңа өткендердің] үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады”. Бұл оларға киелі рухтың айқын көрінетін дарындары берілгенін білдірді. Біз мұны сиқырлықпен айналысқан Шимонның киелі рухтың әрекетін көргенде, өзгелерге қол қою арқылы киелі рух дарытып, кереметтер жасататын қабілетті сатып алғысы келгенінен білеміз (Ел. іс. 8:5—20). Кейінірек, Ефесте 12 адам шомылдыру рәсімінен өтеді. “Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі рух қонды; бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады” (Ел. іс. 19:1—7. Тімотеге 2-хат 1:6 салыстыр).
Демек, елші Пауылдың Еврейлерге 6:2-дегі ‘қол қою’ деген сөздері жаңа сенушілерге киелі рухтың дарындарын беруге қатысты айтылған болу керек.