Ғалақад мектебінің 124-сыныбы
Миссионерлер шегірткелерге теңелді
АЛТЫ ай сайын Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебін бітіру салтанаты өткізіліп тұрады. Бұл кездесуге Құрама Штаттардағы Бетел отбасы түгел шақырылады. 2008 жылы 8 наурызда 30-дан астам елден келген қонақтар Бетел отбасымен бірге 124-сыныптың Ғалақад мектебін бітіру салтанатына жиналды. Барлығы 6 411 адам осы ерекше күні мектеп түлектерінің қуанышына ортақтасты.
Бағдарлама төрағасы Басқарушы кеңестің мүшесі Стивен Летт кездесуді “Ехобаның бейнелі шегірткелерімен бірге жүріңдер” деген баяндамамен ашты. Аян 9:1—4 тармақтарда 1919 жылы қайтадан рухани белсенділік таныта бастаған майланған мәсіхшілердің кішкене тобы лап берген шегірткелерге теңелген. “Басқа қойлардың” мүшелеріне жататын мектеп түлектері осы бейнелі шегірткелердің серіктері екені айтылды (Жох. 10:16).
Содан кейін Құрама Штаттардағы Филиал комитетінің мүшесі Лон Шиллинг “Көмекші болыңдар” деген баяндама айтты. Бұл баяндама бірінші ғасырдағы мәсіхші ерлі-зайыпты Ақила мен Прискиланың мысалына негізделді (Рим. 16:3, 4). 124-сыныпта ерлі-зайыпты 28 жұп оқыды. Миссионерлік қызметтерінде нәтижелі болу үшін, оларға некелерін нығайтып отыру керектігі айтылды. Киелі кітапта Ақиланың есімі ешқашан әйелінің есімінсіз аталмаған. Демек, елші Пауыл да, қауым да оларды біртұтас деп қарастырған. Олай болса, миссионер ерлі-зайыптылар бір-біріне көмекші болып, жұптарын жазбай еңбектенулері, ғибадат етулері және тағайындалған қызметтерінде кездесетін қиындықтарға бірге төтеп берулері керек (Жар. 2:18).
“Ехобаның ізгілігіне ізгілікпен қайтарыңдар” атты келесі баяндаманы Басқарушы кеңестің мүшесі Гай Пирс бауырлас айтып жеткізді. Ол ізгіліктің жамандық жасаудан аулақ болудан көбірек нәрсені білдіретінін түсіндірді. Ізгі адам басқаларға жақсылық жасайды. Әлемдегі ең ізгі тұлға — Ехоба Құдай (Зәк. 9:16, 17). Оның ізгілігі мен сүйіспеншілігі адамдарды жақсылық жасауға талпындырады. Пирс бауырлас баяндамасының соңында мектеп түлектерін мақтап: “Сендер игі істер жасап келдіңдер. Бұдан бұлай да, Ехоба сендерді қайда тағайындамасын, сендер оның ізгілігіне ізгілікпен қайтара беретіндеріңе сенімдіміз”,— деді.
Бұрын миссионер болған Ғалақад оқытушысы Майкл Бернетт “Оны көз алдарыңа ескертпе жазба етіп тағып алыңдар” деген баяндама айтты. Ежелгі исраилдіктер, маңдайларына ескертпе жазба тағып алғандай, Ехобаның өздерін Мысырдан керемет түрде азат еткенін ұмытпаулары керек еді (Мыс. ш. 13:16). Оқушылар Ғалақад мектебінде алған мол білімдерін осылайша есте сақтауға шақырылды. Бернетт бауырлас кешіпейіл және қарапайым болу керектігіне және өзге миссионерлермен не басқа бауырластармен туындаған түсініспеушіліктерді шешуде Киелі кітап принциптерін ұстанудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді (Мат. 5:23, 24).
Көп жылдан бері Ғалақад оқытушысы болып келе жатқан Марк Нумар “Сен туралы жыр қандай болмақ?” деген баяндама айтты. Ежелде исраилдіктер жеңіске арнап жыр айтатын болған. Сондай жырлардың бірінде Рубен, Дан және Ашир руларының жанаяр болғаны айтылған, ал Забулон руы жанқиярлық танытқаны үшін мадақталған (Би. 5:16—18). Жырдың сөздері сияқты, әрбір мәсіхшінің іс-әрекеті ертелі кеш өзгелерге мәлім болады. Адам Құдай ісінде құлшыныс танытып, теократиялық тәртіпті адалдықпен ұстанғанының арқасында Ехобаның алдында жақсатқа ие болады және бауырластарға жақсы үлгі болады. Қауымдағылар әрекеттерімізден тұратын бейнелі жырды тыңдағанда, осы жақсы үлгіге еліктеуге талпынады.
Ғалақад мектебінің бағдарламасына уағыздау қызметіне қатысу да кіреді. 124-сыныптың оқушылары оған 3 000-ға жуық сағат жұмсады. “Киелі рухтың жетелеуімен жүру” деген баяндамада оқушылар Теократиялық мектептер бөлімінде қызмет ететін Сэм Роберсон бауырласқа қызметте болған жігерлендірерлік оқиғаларды айтып, кейбірін көрсетіп берді. Осыдан кейін Құрама Штаттардағы Филиал комитетінің мүшесі Патрик Лафранка түрлі елде қызмет етіп жатқан Ғалақадтың бұрынғы түлектерімен сұхбаттасты. Осы бауырластардың берген пайдалы кеңестері оқушылар үшін бағалы болды.
“Көзге көрінетін нәрселер уақытша екені естеріңде болсын” деген соңғы баяндамамен Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис шықты. Жазбалар басты назарымызды қазір болып жатқан уақытша қиыншылықтарға емес, Ехобадан келетін болашақтағы баталарға қоюға шақырады (Қор. 2-х. 4:16—18). Қатты мұқтаждық, әділетсіздік, қысымшылық, ауру мен өлім қазіргі өмірдің ащы шындығы болып отыр. Сондықтан миссионерлер де осындай қиыншылықтардың кейбіріне тап болуы мүмкін. Алайда бұлардың уақытша екенін есте ұстау рухани жағынан байсалды болуға және үміттерін сақтауға көмектеседі.
Бағдарламаны аяқтаған Летт бауырласты мектеп түлектері сахнада отырып тыңдады. Ол оларды табанды болуға шақырып: “Қандай сынаққа кезікпейік, Ехобаның жанында болсақ, адалдығымызды сақтай аламыз”,— деді. Летт бауырлас жаңа миссионерлерді шегірткелер іспетті болып, Ехобаға деген қызметте табанды болуға және мәңгілік бойы құлшынысты, адал да тілалғыш бола беруге шақырды.
[30-беттегі қоршау]
СЫНЫП ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ
Оқушылар келген елдердің саны: 7
Тағайындалған елдердің саны: 16
Оқушылардың жалпы саны: 56
Орташа жасы: 33,8
Шындықта жүрген жылдарын орташа алғанда: 18,2
Толық уақытты қызметтегі жылдарын орташа алғанда: 13,8
[31-беттегі сурет]
Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің 124-сынып түлектері
Қатарлар төменнен жоғары қарай нөмірленген, ал адамдардың аты-жөндері солдан оңға қарай берілген.
1) Николсон Т., Мейн Х., Сенгей И., Снейп Л., Ванейгас К., Поу Л. 2) Сантана С., Оу К., Ламатре К., Уильямс Н., Александр Л. 3) Вудс Б., Стейнтон Л., Хантли Э., Альварес Г., Круз Дж., Беннетт Дж. 4) Уильямсон А., Гонсалес Н., Зюроски Дж., Деханд И., Мей Дж., Диемми С., Тавенер Л. 5) Ламатре У., Харрис А., Уэллс С., Роджерс С., Дарент М., Сенгей Ж. 6) Хантли Т., Ванейгас А., Поу А., Сантана М., Беннетт В., Тавенер Д., Оу М. 7) Зюроски М., Роджерс Г., Диемми Д., Николсон Л., Альварес К., Снейп Дж. 8) Харрис М., Гонсалес П., Мейн Ш., Вудс С., Стейнтон Б., Уильямсон Д., Дарент Дж. 9) Круз П., Деханд Б., Уильямс Д., Уэллс С., Александр Д., Мей М.
[32-беттегі сурет]
Ғалақад мектебі Күзет мұнарасының білім орталығында өткізіледі