Табылған ақыл
ОРТАЛЫҚ АФРИКАДА тұратын үш жігіт облыстық конгреске барғылары келеді. Бірақ ол жерге жету оңай емес еді. Себебі шамамен 90 шақырымдай ойқы-шойқы шаңды жолды жүріп өту керек, әрі көліктері жоқ еді. Сөйтіп, олар біреуден үш велосипед ала тұруды шешеді, бірақ жолға жарамдысы табыла қоймайды.
Жергілікті қауымның бір ақсақалы олардың қиындығын байқап, ескі болса да, өзінің жүруге жарамды велосипедін ұсынады. Ол өз басынан өткізген тәжірибесімен бөлісіп, оларға велосипедті кезектесіп айдауға кеңес береді. Бұл, бір қарағанда, қарапайым шешім болғанмен, жақсы ұйымдасқан әрекетті талап ететін еді. Енді олар мұны қалай жүзеге асырады?
Аптап ыстықта жүрмеу үшін, жас бауырластар таң атпастан кездесіп, жүктерін велосипедке артады. Олардың бірі велосипедпен алға жүріп кетеді де, қалған екеуі жылдам басып соңынан ереді. Жарты шақырымдай жүрген соң, жігіт тоқтайды да, жүк артылған велосипедті талға сүйеп кетеді. Әрине, бөтен біреулер алып кетпейтіндей, бірақ артта келе жатқан екеуі оны көре алатындай жерге қалдыруға тырысады. Сөйтіп, әрі қарай өзі жаяу жүріп кете береді.
Арттағы екеу велосипедке жеткенде, біреуі оған мініп кетеді де, екіншісі өзінің кезегі келгенше, тағы жарты шақырымдай жүреді. Осындай жақсы жоспар мен құлшыныстарының арқасында бұл үшеуі 90 шақырым жолдың 60 шақырымын ғана жаяу жүріп өтеді. Осынша күш салғанның нәтижесінде, олар бауырластармен кездесіп, рухани тойдың рақатын көреді (Заң. қ. 31:12). Осы жылы болатын облыстық конгреске бару үшін қолыңнан келгеннің бәрін істейсің бе?