Мәсіхшілер бидай сияқты електен өткізілгенде
ИСА өлерінен аз уақыт бұрын шәкірттерін: “Шайтан сендерді бидай сияқты електен өткізуге рұқсат сұрап алды”,— деп ескертті (Лұқа 22:31, сілтеме). Мұнымен ол не айтқысы келген еді?
Исаның заманында бидай жинауға көп күш пен уақыт кететін. Алдымен, орақшылар танаптан бидайды жинап әкелетін. Сосын, бидай сабақтарын қатты жерге ұрғылайтын немесе оларды малға жеккен тұлықтаспен майдалайтын. Осылайша дән сабағы мен қауызынан ажыратылатын. Содан кейін егіншілер астықты суырып, топандайтын, сол кезде дән жерге түсіп, ал топан желмен ұшып кететін. Ақырында, дәнді қоқымнан тазарту үшін жақсылап електен өткізетін.
Исаның сөзі орындалып, Шайтан сол кезде оның шәкірттеріне аяусыз шабуылдаған, бүгінгі күні де солай етуде (Ефес. 6:11). Рас, кезігіп жатқан қиыншылықтарымыздың бәрі бірдей тікелей Шайтаннан емес (Екк. 9:11). Сөйтсе де ол бізді мінсіздігімізден айыру үшін бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Мысалы, ол бізді дүниеқұмарлыққа салынуға, лайықсыз көңіл көтеру түрлерін таңдауға немесе өнегесіз қылықтар жасауға азғыруы мүмкін. Сондай-ақ ол сыныптастарымыз, әріптестеріміз немесе сенбейтін туыстарымыз арқылы осы дүниелік білім мен мансаптың соңына түсуге қысым жасауы мүмкін. Оның үстіне, Шайтан Құдайға деген мінсіздігімізден айыру үшін ашық қудалауды қолдануы ықтимал. Әрине, Шайтанның бізді, былайша айтқанда, електен өткізетін басқа да жолдары көп.
Осындай күшті жауымызға қалай қарсы тұра аламыз? Біз мұны өз күшімізбен істей алмаймыз. Шайтан бізден әлдеқайда күшті. Алайда оның күші Ехобаның құдіретімен салыстыруға да келмейтінін білеміз. Ехобаға толық сенім артатын болсақ, төтеп беруге даналық пен батылдық сұрап, қатты дұға етсек және оның басшылығына барынша жүгінсек, ол бізге Шайтанның шабуылына тойтарыс беруге күш береді (Заб. 24:4, 5).
Сынақ кезінде бізге ‘жақсы мен жаманды айыра білу’ қабілеті қажет, сонда Шайтанның қастық әрекеттеріне алданып қалмаймыз (Евр. 5:13, 14). Ал мұндай қабілетті дамытуға бізге Ехоба көмектеседі. Біз қандай жағдайға тап болмайық, дұрыс жолдан таймауымыз керек. Егер Ехобаның басшылығымен жүрсек, ол дұрыс нәрсені істеуге деген батыл шешімімізді міндетті түрде қолдайды (Ефес. 6:10).
Шайтан бізді бидай сияқты електен өткізуге тырысатын шығар. Бірақ біз Ехобаның күшімен сенімімізде берік болып, оған қарсы тұра аламыз (Пет. 1-х. 5:9). Құдай Сөзі бізді: “Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”,— деп сендіреді (Жақ. 4:7).