Өмірдің дауылдарына төтеп бере аласыз
ҚАЗІРГІ қиын-қыстау күндері көп адамдар дауыл іспетті қиындықтарға кезігуде. Алайда мәсіхшілерге оларға төтеп беруге Құдайға деген сүйіспеншіліктері мен оның принциптерін адал ұстанғандары көмектесуде. Қалайша? Мұның жауабын Иса Мәсіхтің айтқан көрнекі мысалынан табуға болады. Ол өзінің тілалғыш шәкірттерін “үйін жартасқа салған көреген адамға” теңеді. Ол: “Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда ол құламайды. Себебі оның іргетасы жартасқа қаланған еді”,— деді (Матай 7:24, 25).
Байқасаңыз, әлгі кісі көреген адам болса да, бәрібір қиындықтарға кезігеді. Ол қиындықтар жауынмен, су тасқыны және сұрапыл дауылмен бейнелеген. Олай болса, Иса шәкірттері ешбір қиындық көрмей, әрдайым тыныштықта әрі қаннен-қаперсіз өмір кешеді дегісі келмеген (Забур 33:20; Жақып 4:13—15). Бірақ ол Құдайдың адал қызметшілері осындай өмірдің алай-түлей қиындықтары мен дағдарыстарға дайын болатындығын және оларға төтеп бере алатындығын айтқан.
Иса көрнекі мысалын былай бастады: “Осы айтқандарымды тыңдап, орындаған әркім үйін жартасқа салған көреген адамға ұқсас болады”. Әлбетте, Иса бұл жерде тура мағынада үй салу жайлы емес, мәсіхші өз өмірін қалыптастыратын принциптер жайлы айтқан. Мәсіхтің сөзіне құлақ асатындар көрегендік танытып, ақылмен әрекет етеді. Олар үйренгендерін іс жүзінде қолдана отырып, ниеттері мен әрекеттерін Мәсіхтің ілімдерінің берік жартасына қалайды. Бір қызығы, бұл бейнелі жартас жер бетінде жатқан жоқ. Мысалдағы кісіге оны табу үшін “жерді терең қазу” керек болды (Лұқа 6:48). Тап солай Исаның шәкірттері де Құдайға жақындата түсетін, ұзаққа шыдамды қасиеттерді дамытуға аянбай күш салуда (Матай 5:5—7; 6:33).
Өмірдің дауыл іспетті қиындықтары Исаның ізбасарларының сенім іргетасының беріктігін сынағанда не болады? Мәсіхтің ілімдеріне дайындықпен мойынсұнғандары мен бойларында дамытқан қасиеттері осындай қиыншылықтар кезінде, ал ең бастысы, келе жатқан Һар-Магедон дауылында да олар үшін қайнар күштің көзі болып табылады (Матай 5:10—12; Аян 16:15, 16). Шынында да, Мәсіхтің ілімдерін ұстануларымен көп адамдар дауыл іспетті сынақтарға төтеп бере алуда. Сіз де осылай төтеп бере аласыз (Петірдің 1-хаты 2:21—23).