Табысты болуға сіздіңше, не қажет?
КЕЙБІРЕУЛЕР Уолл-стрит құнды қағаздар биржасының тарихтағы ең табысты делдалы деп есептеген Джесси Ливермор өзінің іскерлік мәселеде ұтымды шешімдер қабылдайтындығымен әйгілі еді. Осы қабілетінің арқасында ол көп байлық жинады. Ол ең әдемі киімдер тіккізіп киіп, 29 бөлмелі зәулім үйде тұратын. Астында қара “Роллс-Ройс” көлігі және жеке жүргізушісі болатын.
Дэйвидa те осы іспетті жолды қуған еді. Бір үлкен дизайн фирмасының вице-президенті әрі бас менеджері болған ол енді сол компанияның бір филиалының президенті болар еді. Оның бар есіл-дерті байлық пен атақ-даңқ болатын. Алайда ол мұндай мансаптан бас тартуды шешті. “Мен енді ешқашан жоғары қызмет атқармайтынымды білемін”,— деді ол. Сіздіңше, Дэйвид қателік жасады ма?
Көп адамдар өмірде табысты болу үшін байлық, атақ-даңқ немесе әйгілілік қажет деп ойлайды. Алайда дүние-мүлкі асып-тасыған адамдар да көңілдері құлазып, өмірлері мағынасыз болуы мүмкін. Ливермор мырзаның жағдайында да осылай болған болу керек. Бай болса да, оның өмірі түңілу, қайғы мен өкінішке толы еді. Ол жан күйзелісіне ұшырап, құрған бірнеше некесі сәтсіз болып, балаларынан алыстап кеткен-ді. Байлығының көбісінен айырылған Ливермор мырза бірде бір тамаша қонақ үйдің мейрамханасында отырып, айырылып қалған нәрселеріне қайғырады. Ол сусын алдыртады да, былғары қойын кітапшасын алып, әйеліне қоштасу сөздерін жазады. Қолындағысын ішіп болған соң, жарығы көмескі киім шешетін бөлмеге барып, өзін-өзі атып өлтіреді.
Адамның өзіне қол жұмсауының себебін анықтау қиын болса да, осы оқиға Киелі кітаптағы мына сөздердің растығын дәлелдейді: “Ал баюға ұмтылғандар... өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті” (Тімотеге 1-хат 6:9, 10).
Олай болса, табысты байлықпен, атақ-дәреже немесе әйгілілікпен өлшейтіндер дұрыс емес істейді деуге бола ма? Өзіңізді өмірде табыстымын деп есептейсіз бе? Неліктен олай деп ойлайсыз? Оны немен анықтайсыз? Сіздің табыс жайлы көзқарасыңызды не қалыптастырады? Келесі мақалада миллиондаған адамдарға табысты болуға көмектескен тиімді ақыл-кеңес қарастырылады. Қазір сіздің де қалайша табысты бола алатыныңызды көрейік.
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.