Басқарушы кеңестің жаңа мүшелері
СӘРСЕНБІ күні, 2005 жылдың 24 тамызында, Құрама Штаттарындағы және Канададағы Бетел отбасылары тікелей эфир арқылы жан толқытар хабарландыру естіді. 2005 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесіне екі жаңа мүше — Джеффри Джексон мен Антони Моррис — қосылмақшы еді.
Джексон бауырлас ізашарлық қызметін 1971 жылы Австралияның штаты болып табылатын Тасмания аралында бастайды. 1974 жылы Джанет (Дженни) деген бауырласқа үйленеді. Көп ұзамай олар арнайы ізашар болып тағайындалады. 1979 жылдан 2003 жылға дейін олар Тынық мұхитының оңтүстігіндегі Тувалу, Самоа және Фиджи аралдарында миссионерлер ретінде қызмет етеді. Осы аралдарда болғанда, олар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді аударуға үлкен үлес қосады. Джексон бауырлас 1992 жылдан бастап Самоадағы, ал 1996 жылдан бастап Фиджидағы Филиал комитетінде қызмет етеді. 2003 жылдың сәуір айында Дженни екеуі Құрама Штаттарындағы Бетел отбасының мүшелері болып, Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімінде қызмет ете бастайды. Содан көп ұзамай Джексон бауырласқа Басқарушы кеңестің Оқу комитетіне көмектесіп тұру тапсырылады.
Моррис бауырлас ізашарлық қызметін 1971 жылы Құрама Штаттарында бастайды. Сол жылдың желтоқсан айында ол Сьюзан деген бауырласқа үйленіп, алғашқы ұлдары Есей туылғанға дейін шамамен төрт жыл бойы ізашарлық қызметтерін жалғастырады. Біраз уақыт өткеннен кейін олардың екінші ұлы Пауыл туылады. Моррис бауырлас 1979 жылы толық уақытты қызметке қайта кірісіп, жалпы ізашар болады. Ал балалары мектеп жасына келген кезде, жұбайы да қайта ізашар болып қызмет етеді. Бұл отбасы үлкен қажеттілік бар жерде — Род-Айлендте және Солтүстік Каролинада (АҚШ) — қызмет етеді. Солтүстік Каролинада Моррис бауырлас аудандық бақылаушының көмекшісі болып қызмет атқарады, ал ұлдары жалпы ізашар болады. Есей мен Пауыл 19 жасқа келгенде Құрама Штаттарындағы филиалға шақырылады. Сол аралықта Моррис бауырлас аудандық бақылаушы қызметін бастайды. Кейіннен 2002 жылы ол әйелі екеуі Бетелге шақырылып, жаңа қызметтерін 1 тамыздан бастайды. Херд Моррис бауырлас Паттерсондағы қызмет бөлімінде жұмыс істеп, кейіннен Басқарушы кеңестің Қызмет комитетіне көмектесіп тұрады.
Аталған екі бауырластан басқа Басқарушы кеңеске: К. У. Барбер, Д. Э. Барр, М. С. Летт, Г. Лёш, Г. Пирс, Д. Сидлик, Д. Сплэйн, С. Ф. Херд, А. Д. Шредер және T. Ярач кіреді. Басқарушы кеңестің барлық мүшелері — майланған мәсіхшілер.