Жақсы кеңеске мұқтажбыз ба?
БҮГІНДЕ көп адамдар өздерінің жақсы мен жаманды айыра аламыз және қалаған нәрсемізді істеуге құқымыз бар деп ойлайды. Басқалары болса, қанағат сезіміне бөлейтіннің бәрі дерлік орынды деп санайды. Адамзат қоғамының негізі болып есептеліп келген неке мен отбасы өміріне бүгінде күрт өзгерістер енуде (Жаратылыс 3:5).
Мексикада тұратын Верониканыңa жағдайын алайық. Ол былай дейді: “Отау құрғанымызға он бес жыл толуға жақындағанда, күйеуім көңілдесінің бар екенін айтты. Ол әйел жасырақ әрі онымен өзін бақыттырақ сезінетіндіктен, күйеуім одан ажырамайтынын білдірді. Ең жақын жолдасымның бұдан былай жанымда болмайтынын ойлағанда, төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Осы күнге дейін жақын адамыңның қайтыс болуынан өткен ауыр қайғы жоқ деп ойлаушы едім. Бірақ мен үшін оның көзіме шөп салғаны бұдан да ауыр болды, себебі қатты жақсы көрген адамымды жоғалтып қана қойған жоқпын, сонымен қатар ол менің жаныма бататын іспен айналысып жүр”.
Жиырма екі жасында ажырасып үлгерген, әрі баласы бар, бірақ әлі әке болуға дайын емес жігіттің де жағдайын қарастырайық. Ол өзін де, баласын да шешем асырайды деп ойлайды. Шешесі талаптарын орындаудан бас тартса, ол қатты ашуланып, шешесіне тәрбие көрмеген баладан бетер тіл тигізеді. Оның мұндай қылығын көрген шешесі өзін сондай дәрменсіз сезінеді.
Мұндай жағдайлар бүгінде көптеп кездеседі. Заңды түрде ажырасу кеңінен етек алуда. Көп бала әкесінің не шешесінің жаңа өмір бастау үшін үйден кетіп жатқанын көруде. Кейбір жас балалар ата-аналарын, жалпы адамды сыйлаудан қалып, бұрын адамның ойына кіріп-шықпаған істерге баруда. Азғындық, нашақорлық, жастардың зорлық-зомбылық жасауы мен балалардың мұғалімдері мен ата-аналарын өлтіруі көп жерде жиі кездесетін болды. Мүмкін, бала өсіру мен отау құру бұл өмірде кездесетін жалғыз ғана қиыншылық емес екенін сіз де байқаған шығарсыз.
Осындай жағдайлардың куәсі болып отырғандықтан, біздер қоғамның неге мұндай күйге душар болғанын білгіміз келетін шығар. Адамдардың жақсы мен жаманды айыра алатыны рас болса, неге осыншама қиыншылықтар шешілмеген күйде қалуда? Жақсы кеңеске мұқтажбыз ба? Мұндай пайдалы кеңестің сенімді көзі бар ма? Көп адам Құдай мен оның жазылған Сөзіне сенемін дегенімен, қабылдап жатқан шешімдерінен бұл байқалмайды. Алайда Құдайдан кеңес іздеп, оны тапқаннан келер қандай пайда бар? Бұл жайлы келесі мақаладан білейік.
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.