Оқырман сауалдары
Мәсіхші дауыстар еститін болса, бұл оны жын-перілер мазалап жатыр дегенді білдіре ме?
Жоқ, бұл міндетті түрде емес. Жын-перілердің осылай істеуі мүмкін екені белгілі, алайда дауыстар естіген немесе түсініксіз күй кешіп, мазасызданған көп адам дәрігерге тексерілгенде, мұндай жайттардың денсаулықтарына байланысты болғаны анықталған.
Тіпті бірінші ғасырда да адамдар жындардың мазалауы мен кейбір аурулардың белгілері ұқсас келетінін білген болу керек. Матай 17:14—18 тармақтарда Исаның бір баланы сауықтырғаны туралы жазылған. Баладан қояншық ауруының белгілері анық байқалғанмен, негізінде, оны жын азаптайтын. Алайда осыдан ілгеріректе жұрт қасірет шеккен көп адамды сауықтырсын деп Исаға әкелген. Олардың арасында ‘жын соққандар, ұстамалы-қояншығы’ бар адамдар болған (Мат. 4:24). Демек, қояншық ауруы барлардың бәрін бірдей жын азаптамаған. Олардың кейбірі жай ғана науқас болған.
Шизофренияға — әдетте дәрі-дәрмекпен емдеуге болатын ауруға — ұшырағандардың кейбірі дауыстар естіп немесе табиғаттан тыс болып көрінетін басқа да жайттарды бастан кешетіні белгіліa. Кейде адамның санасына өзге де физиологиялық өзгерістер әсер етіп жатады. Кейбіреулер мұны жындардың әсері деген жаңсақ ойға келуі мүмкін. Дауыстар еститін не басқа да жайсыз күй кешетін адамның бұл жын-перілерден деген ойды мүлдем ысырып тастамағаны дұрыс, сөйтсе де не себепті ондай күй кешіп жүргенін білу үшін дәрігерге тексеріліп көргені жақсы.
[Сілтеме]
a “Күзет мұнарасымен” бірге шығатын “Ояныңдар!” (ағ.) журналының 1986 жылғы 8 қыркүйектегі “Психикалық аурулар сырына үңілу” деген мақаласын қараңыз.