Жақсы басшылық дүние жүзінің өзекті мәселесі
Ол жазушы әрі ақын болатын. Ол бар көңілімен жарқын болашаққа үміт артқан. Шамамен тоқсан жыл бұрын ол: “[адамның] ой-санасы қорқыныш атаулыны білмейтін, еңсесі көтеріңкі болатын; ақысыз білім алатын; халықтар арасындағы ұлтшылдықтың кесірінен дүние бөлшектелмейтін; тек шындық айтылатын; [және] ешқашан талмастан кемелділікке қол созатын” жерді елестеткен.
БҰДАН кейін ақын өз жерлестері де, өзге елдердің адамдары да бір күні сондай жерде оянатынына үмітін білдірген. Егер Нобель сыйлығының жүлдегері болған сол ақын бүгін тірі болғанда, салы суға кетіп, өмірден түңілері анық. Ілгері басып, үлкен жетістіктерге жеткендігіне қарамастан, дүние қазір бұрын-соңды болмағандай бөлшектеніп кеткен. Адамзаттың болашаққа деген үміті көмескі.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын бір кісіден неге оның елінде белгілі топтардың арасында кенеттен зорлық-зомбылық ушығып кеткенін сұрағанда, ол мұның бір-ақ себебі бар деп ойлайтынын айтты. “Бұлай болуының себебі — басшыларымыз жаман”,— деді ол. Тарихшы Жонатан Гловер “Адамзат. ХХ ғасырдың өнегелілік тарихы” деген кітабында өзінің осыған ұқсас көзқараста екенін білдіріп, былай деген: “[Аталмыш елдегі] тайпалар арасындағы геноцид өзара жек көрушіліктен кенеттен пайда болмайды, оны биліктен айырылғысы келмейтіндер тұтандырады” (Humanity — A Moral History of the Twentieth Century).
1990 жылдардың басында, Югославияның екі республикасының арасында соғыс өрті бұрқ ете қалғанда, бір журналист былай деп жазды: “Біз көп жылдар бойы тату-тәтті бірге тұрдық, ал енді болса бірі екіншісінің баласын өлтіруде. Осы бізге не боп барады?”
Еуропадан мыңдаған шақырым шалғай жерде жоғарыда әңгімеленген ақынның елі, Үндістан, жатыр. “Үндістан ел ретінде аман қала ала ма?” деген лекцияның авторы Пранай Гупта былай деп ескерді: “Үндістан тұрғындарының 70 пайызы отыз жасқа дейінгілер, алайда онда үлгі боларлықтай басшылар жоқ” (Can India Survive as One Nation?).
Кейбір елдердің басшылары сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып, орындарынан босауға мәжбүр болған. Әр түрлі себептермен дүние жүзінде басшылық мәселесі тұйыққа тіреліп отырғаны анық. Мұндай жағдай осыдан 2 600 жыл бұрын өмір сүрген бір пайғамбардың айтқан сөздерінің растығын дәлелдейді. Ол былай деген: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін” (Еремия 10:23, СА).
Осындай бүкіләлемдік мәселені шешудің жолы бар ма? Адамзатты соғыс, зорлық-зомбылық, үрейсіз, нағыз ақысыз білім молынан берілетін және адамдар кемелділікке талпынатын өмірге кім жеткізе алады?
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
Fatmir Boshnjaku