Дос-жаранды таңдай білген дұрыс
«РИДЕРЗ ДАЙДЖЕСТЕ» киім мен музыканы таңдаған кезде балалардың ата-аналарының ой-пікірінен гөрі құрбы-құрдастарының пікірімен көбірек санасатындығы айтылады. Сондықтан ата-аналар үшін балаларының қайда және кіммен бірге уақыт өткізіп жүргенін білгеннің маңызы өте зор.
«Олардың өздерінен сұрастырып, біліп отыру — сендердің міндеттерің»,— дейді ОАР-дағы университеттің психология факультетінің аға оқытушысы Эзме ван Ренсбург. Ол тағы былай дейді: «Бұндай нәрсенің балаларға ұнамауы әбден мүмкін, бірақ уақыт өте келе олар бұған үйреніп кетеді». Ары қарай ол ата-аналарға төмендегідей кеңес береді. Тұрақты принциптерге негізделген ақылға қонымды талаптарды үй-іші ережелеріне айналдырыңдар; баланың айтқанын аяғына дейін тыңдаңдар; не болса соны көңілдеріңе ала бермеңдер, сабырлық сақтаңдар және алдын ала ойланбай еш нәрсе айтушы болмаңдар. Егер бала сендердің көңілдеріңнен шықпайтын балалармен достасып үлгерген болса, ендігі жерде оған тек қана тыйым сала бермей, олармен бірге жүргеннің қаншалықты зиян екенін түсіндіруге тырысыңдар.
Ата-аналар үшін үлкен көмек боларлық кеңестер Құдайдың Сөзі — Киелі кітапта осыдан көптеген жылдар бұрын жазылып қойған болатын. Солардың бірі мынау: «Әрбір адам тыңдауға — жылдам, сөзге — баяу, ашуға — баяу болсын» (Жақып 1:19). Киелі Жазбада дос-жаранды қалай таңдау керектігі жайлы да айтылады: «Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса — азғындық жолға түседі» (Нақыл сөздер 13:20). Иә, оқығанда терең ойланып, берілген ақыл-кеңесті өз өмірінде қолданатын адам үшін, Киелі кітап — ақылдың кені болмақ. Бұны осы мысалдар көрсетіп отыр.