ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКІСІ КЕЛЕТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН СҰРАҚТАР
1-бөлім. Мәсіхшілік нанымдар
Сіз Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, шындықты танып-білдіңіз. Осы білімнің арқасында Құдаймен жақсы қарым-қатынасқа ие болдыңыз, әрі жарқын болашаққа деген үмітіңіз пайда болды, сондай-ақ Құдай Патшалығы жер бетінде орнататын жұмақтағы баталарды күтіп жүрсіз. Құдай Сөзіне деген сеніміңіз де нығайды. Мәсіхшілер қауымымен араласып, біраз баталарға кенелдіңіз. Бүгінде Ехоба өз халқына қалай қарайтынын да жақсырақ түсіндіңіз (Зәк. 8:23).
Ал енді шомылдыру рәсіміне дайындалып жүрсіз. Осы орайда қауым ақсақалдарымен бірге мәсіхшілік нанымдарды қайталап шығудың пайдасы зор (Евр. 6:1—3). Құдайды танып-білуге деген талпынысыңызға Ехоба батасын төксін, әрі уәде еткен сыйымен жарылқасын (Жох. 17:3).
1. Шомылдыру рәсімінен неге өткіңіз келеді?
2. Ехоба деген кім?
• “Ехобаның аспанда да, жерде де шынайы Құдай екенін, одан басқа шынайы Құдай жоқ екенін бүгін ұғып, көңілдеріңе түйіп алыңдар” (Мұс. 5-ж. 4:39).
• “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін” (Зәб. 83:18).
3. Сіз үшін Құдайды есімімен атау неліктен маңызды?
• “Сондықтан мына іспетті дұға етіңдер: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын!” (Мат. 6:9).
• “Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады” (Рим. 10:13).
4. Киелі кітапта Ехобаны сипаттайтын қандай сөздер бар?
• “Жердің қиыр шеттерін жаратқан Ехоба — мәңгілік Құдай” (Ишая 40:28).
• “Көктегі Әкеміз” (Мат. 6:9).
• “Құдай — сүйіспеншілік” (Жох. 1-х. 4:8).
5. Сіз Ехоба Құдайға не бере аласыз?
• “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй” (Мар. 12:30).
• “Киелі жазбада “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!” (Лұқа 4:8).
6. Ехобаға неге адал болғыңыз келеді?
• “Ақылды бол, балам, жүрегімді қуант, Сонда өзімді қорлағанға жауап бере аламын” (Нақ. с. 27:11).
7. Сіз кімге және кім арқылы дұға етесіз?
• “Сендерге нағыз шындықты айтамын, менің [Исаның] атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, ол соны береді” (Жох. 16:23).
8. Не жайлы дұға ете аласыз?
• “Сондықтан мына іспетті дұға етіңдер: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын! Бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр. Бізге қарсы күнә жасағандарды кешіргеніміздей, сен де біздің күнәларымызды кешіре көр. Азғырылуымызға жол бермей, Зұлымнан сақтай көр” (Мат. 6:9—13).
• “Оның еркіне сай не сұрасақ та, Құдайдың бізге құлақ асатынына кәміл сенеміз” (Жох. 1-х. 5:14).
9. Неге Ехоба әлдекімнің дұғасын тыңдамауы мүмкін?
• “Ехобаны көмекке шақырасыңдар, Бірақ ол жауап бермейді. Жасаған зұлым істерің үшін, Ол сендерден жүзін жасырады” (Миха 3:4).
• “Себебі Ехобаның көзі әділдерде, құлағы олардың жалбарынған үнінде, ал жамандық жасайтындардан Ехоба жүзін теріс бұрады” (Пет. 1-х. 3:12).
10. Иса Мәсіх деген кім?
• “Шимон Петір: “Сіз Мәсіхсіз, тірі Құдайдың Ұлысыз”,— деп жауап берді” (Мат. 16:16).
11. Иса жерге не үшін келді?
• “Адам Ұлы да өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” (Мат. 20:28).
• “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен [Иса] сол үшін жіберілдім” (Лұқа 4:43).
12. Исаның төлем құрбандығына ризашылығыңызды қалай көрсете аласыз?
• “Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өлген әрі қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қор. 2-х. 5:15).
13. Исада қандай билік бар?
• “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген” (Мат. 28:18).
• “Құдай оны бұрынғыдан да жоғарылатып, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады” (Філіп. 2:9).
14. Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі Иса тағайындаған “адал да ақылды құл” екеніне сенесіз бе?
• “Қожайыны үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындаған адал да ақылды құл кім?” (Мат. 24:45).
15. Киелі рух тұлға ма?
• “Періште оған жауап қатып: “Сенің үстіңе киелі рух қонып, Құдай Тағала саған құдіретінің көлеңкесін түсіреді. Сондықтан сен табатын бала киелі әрі Құдайдың Ұлы деп аталатын болады” (Лұқа 1:35).
• “Демек, сендер күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсы сый беруді білсеңдер, көктегі Әкенің өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз!” (Лұқа 11:13).
16. Ехоба киелі рухын қалай қолданады?
• “Ехобаның сөзімен көк жаратылды, Аузының лебімен ондағының бәрі пайда болды” (Зәб. 33:6).
• “Алайда өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып,.. жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер” (Ел. іс. 1:8).
• “Жазбалардағы ешбір пайғамбарлық әлдебіреудің жеке түсінігіне негізделмеген. Өйткені пайғамбарлық ешқашан адам баласының қалауымен айтылған емес, қайта, оны адамдар Құдайдың киелі рухының қозғау салуымен айтқан” (Пет. 2-х. 1:20, 21).
17. Құдай Патшалығы дегеніміз не?
• “Көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық басқа халықтың қолына өтпейді. Ол сол патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады” (Дан. 2:44).
18. Құдай Патшалығы сізге қандай игілік әкеледі?
• “Сонда Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:4).
19. Патшалық баталары жуырда жерге төгілетінін қайдан білесіз?
• “Шәкірттері оңашада қасына келіп: “Айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады. Иса былай деп жауап қатты: “...Ешкім сендерді адастырып жүрмесін. Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады. Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:3, 4, 7, 14).
• “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болатынын біліп қой: адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, балағатшыл, ата-анасына мойынсұнбайтын, алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады, құдайшыл болып көрінгенмен, бұны істерімен көрсетпейді” (Тім. 2-х. 3:1—5).
20. Құдай Патшалығының сіз үшін маңызды екенін қалай көрсете аласыз?
• “Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойыңдар” (Мат. 6:33).
• “Иса шәкірттеріне мынаны айтты: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін” (Мат. 16:24).
21. Шайтан мен жын-перілер деген кімдер?
• “Сендердің әкелерің — Ібіліс... Ол әуел бастан кісі өлтіруші болған” (Жох. 8:44).
• “Осылайша алып айдаһар — бүкіл жержүзін адастырып жүрген Ібіліс әрі Шайтан деп аталған ежелгі жылан — жерге лақтырылды, онымен бірге періштелері де лақтырылды” (Аян 12:9).
22. Шайтан Ехобаға және оған ғибадат ететіндерге қандай айып тақты?
• “Әйел жыланға былай деді: “Бақтағы ағаштардың жемісін жей аламыз. Бірақ бақтың ортасындағы ағаштың жемісі жайлы Құдай: — Одан жемеңдер, тіпті оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер,— деген”. Сонда жылан әйелге: “Жоқ, өлмейсіңдер. Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деді” (Мұс. 1-ж. 3:2—5).
• “Алайда Шайтан Ехобаға: “Теріні теріге айырбастар: адам өз өмірін сақтап қалу үшін қолындағының бәрін береді” (Әйүп 2:4).
23. Сіз Шайтанның таққан айыптары жалған екенін қалай дәлелдей аласыз?
• “Оған [Құдайға] бар жүрегіңмен... қызмет ет” (Шеж. 1-ж. 28:9).
• “Өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!” (Әйүп 27:5).
24. Адамдар неге өледі?
• “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Рим. 5:12).
25. Өлілер қандай күйде болады?
• “Тірілер өлетінін біледі, ал өлгендер ештеңе білмейді. Енді олардың алатын сыйы жоқ, өйткені олар жайлы барлық нәрсе ұмыт болады” (Уағ. 9:5).
26. Көз жұмған адамдар үшін қандай үміт бар?
• “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін” (Ел. іс. 24:15).
27. Исамен бірге билік ету үшін көкке қанша адам барады?
• “Сион тауында тұрған Тоқтыны көрдім. Қасында маңдайларына Тоқтының есімі мен оның Әкесінің есімі жазылған 144 000 тұр екен” (Аян 14:1).