79-ТАРАУ
Яһуди халқына төнген апаттың себебі
ИСА ҚАЙҒЫЛЫ ЕКІ ОҚИҒАНЫ ПАЙДАЛАНЫП ЕСКЕРТУ АЙТТЫ
ДЕМАЛЫС КҮНІ БҮКІР ӘЙЕЛДІ САУЫҚТЫРДЫ
Иса түрлі жолмен халықты Құдаймен қарым-қатынастары жайлы ойлануға талпындырды. Парызшылдың ауласында жиналған жұртпен әңгімелескен соң, мұның тағы бір мүмкіндігі туды.
Исаға біреулер “Пилаттың [римдік әмірші Понтидің] ғалилеялықтарды өлтіріп, олардың қанын құрбандықтарының қанымен араластырып жібергені” жайлы айтып берді (Лұқа 13:1). Бұл қайғылы оқиғаны олар не үшін еске алды?
Әлгі ғалилеялықтар мыңдаған яһуди көтеріліске шыққанда қаза болғанға ұқсайды. Олар Пилаттың Иерусалимге су тартатын құбыр (акведук) соғу үшін ғибадатхана қазынасынан ақша алғанына қарсылық білдірген. Пилат ақшаны ғибадатхана басшыларымен келісіп алған болу керек. Оқиғаны айтқан адамдар ғалилеялықтар зұлым істері үшін өлді деп есептеді. Бірақ Иса мұнымен келіспеді.
Иса: “Осындай жағдайға тап болғаны үшін олардың күнәсі өзге ғалилеялықтардың күнәсінан көп болды деп ойлайсыңдар ма?”— деп сұрады да, өзі: “Олай емес”,— деп жауап берді. Бірақ бұл жағдайды пайдаланып: “Егер күнәларыңа өкінбесеңдер, солар сияқты бәрің де құрисыңдар”,— деген ескерту айтты (Лұқа 13:2, 3). Сосын жақында орын алған әрі су құбырының құрылысына қатысты тағы бір оқиғаны естеріне салды.
Ол былай деді: “Әлде Силоғамдағы мұнара үстеріне құлап өлген 18 адамның кінәсі Иерусалимдегі өзге адамдардың кінәсінан көбірек болды деп ойлайсыңдар ма?” (Лұқа 13:4). Жұрт қайғылы оқиғада қаза болғандар қандай да бір зұлым істері үшін жазаланды деп ойласа керек. Иса мұнымен тағы келіспеді. Өйткені ол қайғылы оқиғалардың “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайлардың” кесірінен болатынын біледі (Уағыздаушы 9:11). Алайда бұл оқиға жұртқа сабақ болу керек. Сондықтан Иса: “Егер күнәларыңа өкінбесеңдер, солар сияқты бәрің де құрисыңдар”,— деді (Лұқа 13:5). Неліктен Иса мұндай ескертуді қазір айтып тұр?
Өйткені оның қызмет ету уақыты соңына таяп қалған еді. Мұны Иса мысал арқылы көрсетіп, былай деді: “Бір кісінің жүзімдігінде інжір ағашы болыпты. Ол одан жеміс іздей келіп, түк таппайды да, жүзімшіге: — Мына ағашқа үш жыл бойы келіп, жемісін көрмедім. Оны кесіп таста! Бекер орын алып тұр ғой!— дейді. Жүзімші болса: — Қожайын, оны тағы бір жылға қалдырыңыз. Мен айналасын қопсытып, көң төгейін. Бұдан кейін жеміс берсе, онда жақсы. Ал бермесе, кестіріп тастарсыз,— деп жауап береді” (Лұқа 13:6—9).
Иса үш жылдан аса уақыт бойы яһудилердің сенімдерін өсіруге тырысып-бақты. Алайда сол аралықтағы еңбегінің жемісі ретінде шамалы адам ғана шәкірт болып соңынан ерді. Қазір, яғни қызметінің төртінші жылы, ол одан бетер күш салуда. Яһудея мен Переяда уағыздап, тәлім беру арқылы яһуди халқының бейнесі болған інжірдің түбін қопсытып, көң төгуде. Нәтижесі қандай? Исаны қабыл алып жатқан яһудилер өте аз. Жалпы алғанда халық күнәсіна өкінер емес. Осылай олар жойылуға бет алған.
Исаның хабарына халықтың басым бөлігі немқұрайды екені Демалыс күні тағы да айқын болды. Иса мәжілісханада тәлім беріп жатқанда, бүкір әйелге көзі түсті. Бойында жын болғандықтан, ол 18 жылдан бері ауру еді. Жаны ашыған Иса оған: “Ауруыңыздан арылдыңыз”,— деді (Лұқа 13:12). Иса үстіне қолын қойғанда, әйел бойын жазып, Құдайды мадақтай бастады.
Сонда мәжілісхана жетекшісі ашуланып: “Жұмыс істеуге алты күн бар ғой. Ауруларыңнан сауығуға Демалыс күні емес, сол күндері келіңдер”,— деді (Лұқа 13:14). Ол Исаның сауықтыра алатын күшіне күмән келтірген жоқ. Демалыс күні сауығуға келгені үшін жұртты айыптап тұр. Сонда Иса қисынды уәж келтіріп: “Екіжүзділер, Демалыс күні бәрің де қорадағы өгізіңді не есегіңді шешіп, суғаруға апарасыңдар ғой?! Олай болса, 18 жыл бойы Шайтанның бұғауында болған осы әйелді, Ыбырайымның ұрпағын, Демалыс күні аурудың құрсауынан босатуға болмай ма?”— деді (Лұқа 13:15, 16).
Исаның ісін көріп қуанған жұрт Құдайды мадақтаса, қарсыластары ұятқа қалды. Сосын Иса Патшалыққа қатысты пайғамбарлық мәні бар екі мысалын қайталады. Бұларды ол Ғалилея теңізінде қайықта отырып айтқан болатын (Матай 13:31—33; Лұқа 13:18—21).