Сол жақта: Алабамада (АҚШ) бір бауырлас Джозеф Рутерфордтың баяндамасы жазылған күйтабақты ойнатып жатыр (1930 жылдардың соңы); Оң жақта: Швейцария
1-БӨЛІМ
Патшалық туралы шындық. Рухани ас-суды уақтылы беру
КИЕЛІ КІТАПТАН тәлім алып жүрген адам оқылған тармақты түсініп, жүзі бал-бұл жайнайды. Әйтсе де күпті көңілмен: “Сонда жұмақ орнап, жер бетінде мәңгі өмір сүретін боламыз демексіз бе?”— дейді. Бұған қызметтегі серігіңіз: “Киелі кітаптан өзіңіз оқыдыңыз емес пе?”— деп жымияды. Әлгі кісі: “Мәссаған, мұны ешқашан естімеппін!”— деп таңдай қағады. Сіз оның бірнеше апта бұрын Құдайдың есімі Ехоба екенін естігенде де, дәл осылай таңғалғанын еске аласыз.
Құдай қызметшілеріне мұндай оқиғалар таңсық емес. Бұл — бізге құнды сый берілгеннің айқын дәлелі: біз шындықты білеміз. Бірақ бір сәтке кідіріп, ойланып көріңізші, бұл сый бізге қалай жетті? Бұл сұрақтың жауабын осы бөлімнен табамыз. Құдай халқына шындық нұрының бірте-бірте жарқырай түскені — Құдай Патшалығының шынайы екенінің бұлтартпас дәлелі. Сол Патшалықтың Патшасы Иса Мәсіх бір ғасырдан бері Құдай халқының шындықты тереңірек түсінуіне қам жасап отыр.