9-САБАҚ
Қауым кездесуіне дайындалудың тиімді жолы қандай?
Камбоджа
Украина
Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрген болсаңыз, әр сабаққа алдын ала дайындалуға тырысатын шығарсыз. Қауым кездесулеріне де дәл солай дайындалып барсаңыз, мұның көп пайдасын көретініңіз шүбәсіз. Бұл үшін жақсылап жоспар құрып алғаныңыз маңызды.
Қашан және қай жерде дайындалатыныңызды шешіп алыңыз. Сіз қай кезде зейін қойып оқи аласыз: таң сәріде жұмыс күні басталмай тұрып па, әлде кешке балалар ұйықтаған соң ба? Ұзақ уақыт отырып дайындалуға мүмкіндігіңіз болмаса, өз жағдайыңызға қарай қанша уақыт бөле алатыныңызды шешіп алып, соны берік ұстануға тырысыңыз. Тыныш жерге барыңыз да, радио, теледидар және ұялы телефон сияқты алаңдататын құрылғыларды өшіріп қойыңыз. Дайындықтың алдында дұға етіп алғаныңыз сол күнгі уайымдарыңызды ұмытып, бар назарыңызды Құдай Сөзіне аударуға көмектеседі (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Жауаптардың астын сызып, түсініктеме беруге дайындалыңыз. Алдымен мақала не тарау жайлы жалпы мағлұмат алғаныңыз жақсы. Оның негізгі тақырыбы туралы және әр тақырыпшаның осы тақырыппен қандай байланысы бар екенін ойланыңыз. Сондай-ақ әрбір суретті және негізгі ойларды ашатын қайталауға арналған сұрақтарды қарап шығыңыз. Сосын абзацтарды оқып, соларға берілген сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Сонда көрсетілген жазба орындарын да ашып оқып, олардың абзацтағы ойларды қалай растайтынын байқауға тырысыңыз (Елшілердің істері 17:11). Сұрақтардың жауабын тапқан соң, негізгі сөздердің не тіркестердің астын сызып қойғаныңыз жақсы. Бұл сізге талқылау барысында сұрақтың жауабын оңай еске түсіруге көмектеседі. Қаласаңыз, кездесу кезінде қолыңызды көтеріп, өз сөзіңізбен қысқаша түсініктеме беруіңізге болады.
Қауым кездесулерінде апта сайын талқыланатын әртүрлі тақырыптарды қарастырғаныңыздың арқасында Киелі кітап шындықтары сақталған “қазынаңызға” жаңа ойлар қосасыз (Матай 13:51, 52).
Қауым кездесулеріне дайындалуды қалай жоспарлауыңызға болады?
Кездесуде түсініктеме бере алу үшін қалай дайындалғаныңыз жақсы?