22-ТАРАУ
Елшілердің батылдықпен уағыздауы
Қуғын-сүргінге қарамастан, мәсіхшілер қауымы күн санап өсе берді.
ИСАНЫҢ көкке көтерілгеніне он күн болғанда, 33 жылдың Алғашқы өнім мейрамы кезінде 120-ға жуық шәкірт Иерусалимдегі бір үйге жиналды. Кенеттен көктен қатты дауыл соққандай шу естіліп, бүкіл үйді алып кетті. Сонда шәкірттер бөтен тілдерде сөйлей бастады. Бұндай кереметтің орын алуы қалайша мүмкін болды? Шәкірттерге Құдайдың киелі рухы қонған еді.
Сыртта шет елдерден мейрамды тойлауға келген адамдар жиналып қалған болатын. Олар шәкірттердің өз тілдерінде еркін сөйлеп жатқандарын көріп, аңтарылып қалды. Сонда Петір болған жайтты түсіндірді. Ол Жоелдің пайғамбарлығына сай, Құдай бұл адамдарға өзінің рухын төгіп, керемет қабілеттер дарытқанын айтты (Жоел 2:28, 29). Бұл оқиға үлкен өзгерістің орын алғанын айқын көрсетті: Құдай Исраилден бас тартып, жаңа құрылған мәсіхшілер қауымын халқы ретінде таңдап алды. Енді Құдайға ұнамды түрде ғибадат еткісі келгендер Мәсіхтің ізбасары болу керек еді.
Сол кезден бастап қуғын-сүргін үдеп, қарсыластар елшілерді түрмеге қаматты. Алайда түн ішінде періште келді де, түрменің қақпаларын ашып, елшілерге уағыз ісін жалғастыруды тапсырды. Олар періштенің айтуы бойынша, таң ата ғибадатханаға барып, халыққа Иса туралы ізгі хабарды айта бастады. Бойларын ашу кернеген яһуди дінбасылары уағыздауға қатаң тыйым салды. Сонда елшілер батылдықпен: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”— деді (Елшілердің істері 5:28, 29).
Қуғын-сүргін күшейе түсті. Кейбір яһудилер шәкірт Степанға Құдайды қорлады деген жала жауып, таспен ұрып өлтірді. Сол жерде болған Саул есімді жас жігіт Степанның өлімін қоштап тұрды. Кейіннен ол Исаның жолына түскендерді тұтқындау үшін Дамаскіге аттанды. Жолда келе жатқанда көктен бір жарық нұрын төкті. Сонда Саул жерге құлап түсіп: “Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?”— деген дауысты естіді. Жарықтан көзі көрмей қалған Саул: “Сен кімсің, Ием?”— деп сұрады. Көктен шыққан дауыс: “Мен... Исамын!”— деп жауап қатты (Елшілердің істері 9:3—5).
Үш күннен соң Анани есімді шәкірт Исаның тапсыруымен Саулдың көзін сауықтырды. Осыдан кейін Саул шомылдыру рәсімінен өтіп, Иса жайлы батылдықпен уағыздай бастады. Кейінірек ол Пауыл деген есіммен танылып, мәсіхшілер қауымының белсенді мүшесі болды.
Исаның шәкірттері Патшалық туралы ізгі хабарды яһудилер мен самариялықтарға ғана уағыздап жүрді. Бірде Құдайды қастерлейтін Корнел есімді римдік жүзбасына періште келіп, елші Петірді үйіне шақыртуды бұйырды. Петір өзге шәкірттермен бірге Корнел мен оның үй ішіне уағыздады. Петір сөйлеп тұрғанда, басқа ұлттан шыққан сол адамдарға киелі рух қонды. Сонда елші оларды Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткізуді бұйырды. Сол кезден бастап мәңгі өмірге ие болу мүмкіндігі барлық ұлт адамдарына да берілетін болды. Содан мәсіхшілер қауымы ізгі хабарды жердің түкпір-түкпіріне тарата бастады.
Елшілердің істері 1:1—11:21 негізделген.