12-ТАРАУ
Құдайдың дана басшылығы
Нақыл сөздер кітабында Құдайдың күнделікті өмірімізге қажетті ақыл-кеңестері жазылған. Олардың көбін Сүлеймен айтқан.
ЕХОБА ҚҰДАЙ дана Билеуші ме? Мұны білу үшін оның бізге берген кеңестерін қарастырғанымыз абзал. Ал оның ақыл-кеңестері тиімді ме? Оларға құлақ асқанымыздың арқасында өміріміз жақсарып, мағыналы бола түсе ме? Дана патша Сүлеймен Құдай рухының жетелеуімен өмірдің көп саласына қатысты жүздеген нақыл сөз жазған. Солардың кейбірін қарастырайық.
Құдайға сенім арту қажет. Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін оған сенім артқанымыз маңызды. Сүлеймен былай деп жазды: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Құдайдың кеңестеріне жүгіну арқылы оған сенім артатынымызды көрсетеміз. Осының арқасында өміріміз де әлдеқайда мағыналы болады. Осылайша Ехобаны қуантып, оның қас жауы Шайтанның жаласын жоққа шығарамыз (Нақыл сөздер 27:11).
Өзгелермен қарым-қатынасымызда. Құдайдың күйеулерге, әйелдерге және балаларға берген кеңестерінің бүгінде маңызы зор. Киелі кітап: “Қанағат ет жастай алған қосағыңды”,— деп, күйеуді әйеліне адал болуға шақырады (Нақыл сөздер 5:18—20). Әйелдер үшін Нақыл сөздер кітабындағы күйеуі мен балаларының құрметіне бөленген еңбекқор әйелдің үлгісі пайдалы (Нақыл сөздер 31-тарау). Ал балаларға ата-ананың тілін алуға кеңес беріледі (Нақыл сөздер 6:20). Сондай-ақ бұл кітап достықты бағалауға шақырады, өйткені бөлектеніп жүретін адам өзімшіл болып кетуі ықтимал (Нақыл сөздер 18:1). Достарымыз бізге жақсы не жаман жағынан ықпал етуі мүмкін, сондықтан кіммен араласатынымызға мұқият болуымыз қажет (Нақыл сөздер 13:20; 17:17).
Жеке басқа қатысты кеңестер. Нақыл сөздер кітабында ішкілікке салынбауға, сананы жақсы ойларға толтырып, жағымсыз сезімдерден арылуға және еңбексүйгіш болуға қатысты құнды кеңестер жазылған (Нақыл сөздер 6:6; 14:30; 20:1). Онда Құдай кеңесіне құлақ аспай, адам ақылына сүйенудің жақсылыққа апармайтыны да айтылған (Нақыл сөздер 14:12). Сондай-ақ бұл кітап ‘өміріміздің қайнар көзі’ болып табылатын бейнелі жүрегімізді, яғни ой-ниеттерімізді, жаман әсерден қорғауға шақырады (Нақыл сөздер 4:23).
Дүниежүзінде миллиондаған адам осындай кеңестердің көп пайдасын көруде. Сол себепті оларда Ехоба Құдайды Билеушілері ретінде мойындауларына барлық негіз бар.
Нақыл сөздерге негізделген.