Бұл дүние қайда барады?
Көңіл алаңдататын қиындықтар мен адам шошырлық оқиғалардың әлемдегі жаңалықтардан күнделікті берілуі кәдімгі нәрсеге айналып барады. Бұл нені білдіреді?
ЖЕКЕ БАСТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ: Сауда орталықтарында бомбалардың жарылуы. Мектепте мұғалімдер мен оқушыларды атып кету. Ата-анасының көзін ала бере балаларын ұрлап кету. Тапа-тал түсте әйелдер мен ерлерді ұрып-соғып, тонап кету.
ДІННІҢ ЖАҒДАЙЫ: Шіркеулер соғысты қолдап отыр. Дінбасыларға геноцид үшін айып тағылуда. Діни қызметкерлер жастарды азғындық үшін пайдалануда; шіркеу оны жасырып отыр. Шіркеуге адам келуі сиреп барады; шіркеу ғимараттары сатылуда.
ҚОРШАҒАН ОРТА: Пайдақұмарлықтың кесірінен ормандар шабылуда. Отын қылу үшін кедейлер орманды алқаптарды жойып жатыр. Жер асты сулары былғанып, ішуге қауіпті болып қалған. Өндірістің зиянды қалдықтарынан, балық аулаудың кейбір жаңа тәсілдерінен балықтар қырылуда. Ауа ластануда.
ТҰРМЫС ЖАҒДАЙЫ: Сахараның оңтүстігіндегі жылдық табыс адам басына шаққанда шамамен 480 (АҚШ) доллары болатыны мәлімделді. Басшылардың ашкөздігінің кесірінен мекемелер жабылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалуда. Алаяқтықтың кесірінен салымшылар өмір бойы тірнектеп жиған қаражаттарынан айырылуда.
АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ: Дүние жүзі бойынша 800000000 жуық адам үнемі тамаққа жарымай жүреді.
СОҒЫС: 100 миллионнан астам адам XX ғасырда болған соғыстарда қаза болған. Қазір қолда бүкіл адамзатты бір емес, бірнеше рет жойып жібере алатындай ядролық қару бар. Азаматтық соғыстар. Терроризм бүкіл жер бетін жайлауда.
ІНДЕТ ЖӘНЕ БАСҚА ДА АУРУЛАР: 1918 жылдан бері “испанка” індетінен 21000000 адам қайтыс болған. ЖИТС “адамзат тарихындағы ең жойқын пандемияға” айналып келе жатыр. Қатерлі ісік және жүрек аурулары дүние жүзіне қайғы әкелуде.
Осы мәлімдемелерді бірге алып қарашы. Бұны жеке жағдайлар деуге бола ма? Әлде олар дүниежүзілік маңызды оқиғаның құрамдас бөлігі болып табыла ма?
[5-беттегі қоршау/сурет]
Құдай, шынымен де, біздің қамымызды ойлай ма?
Жан түршігерлік оқиғадан соң немесе жақынынан айырылғанда көп адамдар неге Құдайдың осындай жағдайларға кедергі болмайтынын білгілері келеді.
Құдай қамымызды ойлайды. Қазір ол сенімді басшылық пен нағыз жеңілдік беруде (Матай 11:28—30; 2 Тімотеге 3:16, 17). Ол зұлымдық, ауру және өлімді біржола жоюға жағдай жасаған. Қам жасағаны оның бір ғана ұлттың емес, бүкіл халықтан, рудан және тілден шыққан адамдардың қамын ойлайтынын көрсетеді (Елшілердің істері 10:34, 35).
Біз ше, Құдайдың еркі жөнінде ойлаймыз ба? Көк пен жерді жаратқан кім екенін білесің бе? Оның есімі кім? Оның еркі қандай? Бұл сұрақтарға ол Киелі кітапта жауап береді. Онда Құдай зұлымдықты, ауруды және өлімді жою үшін не істеп жатқанын айтады. Бұның пайдасын көру үшін біз не істеуіміз керек? Құдай және оның еркі жайында білім алуымыз керек. Оған сенім білдірмесек, оның жасаған шараларының пайдасын қалайша көре аламыз? (Жохан 3:16; Еврейлерге 11:6). Сонымен қатар оның талаптарын орындау керек (1 Жохан 5:3). Сол үшін жеткілікті күш салып жүрсің бе?
Құдайдың бүгінгі жағдайға неге жол беріп отырғанын білу үшін біз өмірлік маңызы бар даулы сұрақты түсінуіміз керек. Ол Киелі кітапта түсіндірілген. Осы басылымның 15-бетінде сол жайында айтылады.