Мектеп бақылаушыларына арналған нұсқаулар
ӘРБІР қауымда ақсақалдардың бірі Теократиялық қызмет мектебінің бақылаушысы болып тағайындалады. Егер саған да осындай жауапкершілік сеніп тапсырылса, онда құлшынысың мен әрбір оқушының табысты болуын ойлағаның осы Мектептің арқасында қауымыңның қол жеткізетін жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосуыңа көмектеседі.
Сенің басты міндетің — апта сайын Теократиялық қызмет мектебін өткізу. Залда тапсырма алғандардан басқа да адамдар бар екенін ұмытпа. Мектепті қауымдағылардың бәрі осы кітаптың 5—8 беттерінде айтылған мақсаттардың, ең кем дегенде, біреуіне қатысы бар, іс-жүзінде қолдануға талпындыратын кеңес алатындай етіп өткіз.
Оқушылардың әрбіріне мейлі, ол қандай тапсырма алса да — дауыстап оқу, көрсету дайындау не баяндамамен шықса да — мұқият көңіл бөл. Алған тапсырмаларын тек тапсырма ретінде ғана емес, Ехобаға деген қызметтерін жақсартудың мүмкіндігі деп қарастыруларына көмектес. Әрине, бұл жерде оқушылардың жетістікке қол жеткізуі салған күштеріне байланысты. Десе де, оларға мейіріммен көңіл бөліп, әрбір сабақтың пайдасын көруге көмектескенің және ондағы кеңестерді қалай қолдануға болатынын түсіндіргенің де аса маңызды. Сондықтан құнды кеңестер бере алуың үшін орындалып жатқан әрбір тапсырманы мұқият тыңда.
Мектептің уақтылы басталып-аяқталғанын қадағала. Бұл жерде өзің үлгі көрсет: кеңес беруге бөлінген уақытыңды асырып жіберме. Егер оқушы тапсырманы уақтылы аяқтамаса, өзің не көмекшің белгі беру керек. Оқушы болса айтып жатқан сөйлемін бітіріп, мінбеден кету керек. Ал егер бағдарлама кездесудің басқа бір бөлігінің есебінен созылып жатса, өзіңнің айтатын сөзіңді қысқартып, жиналыстан соң уақытты асырып жіберген бауырласпен сөйлес.
Кездесуде болған күндері Мектепті өзің жүргізуің керек. Ал егер келе алмаған жағдайда, оны алдын ала ақсақалдар кеңесі тағайындаған өзге бір ақсақал өткізуі керек. Егер кесте түзуге, тапсырма бланкілерін толтыру мен таратып беру немесе әлдекімнің орнына шығып сөйлейтін адамды табу жағынан көмек қажет болса, ақсақалдар кеңесі бір қызмет көмекшісін тағайындауы мүмкін.
Мектепке жазылу. Жариялаушылардың бәрін де Мектепке жазылуға шақыр. Мектепке қауыммен тығыз араласып жүрген, Киелі кітаптың ілімдерін қолдап, мәсіхшілердің принциптерімен өмір сүретін адамдар да жазылса болады. Егер әлдекім Мектепке жазылғысы келетінін айтса, шын жүректен мақта. Егер ол әлі жариялаушы болмаса, сен Мектеп бақылаушысы ретінде, мүмкіндігінше, онымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізген жариялаушының (не шындықтағы әкесі я шешесінің) қатысуымен Мектеп оқушыларына қойылатын талаптарды талқылауың керек. Оқушыларға шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болғысы келетіндерге қойылатындай талаптар қойылады. Бұл талаптарды “Қызметімізді атқару үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 98—100 беттерінен табуға болады. Мектепке жазылғандардың тізімін үнемі жаңартып отыр.
Кеңес бланкін қалай қолдану керек? Әр оқушының кеңес бланкі өз оқулығының 79—81 беттерінде орналасқан. Түрлі-түсті жолда көрсетілгендей, 1—17 дейінгі сабақтар дауыстап оқу тапсырмасы берілгенде қолданылады. Ал көрсетулерге 7, 52, 53-ші сабақтардан басқасының бәрі қолданылады. Баяндама дайындауға 7, 18, 30-шы сабақтардан өзгесінің бәрін қолдануға болады.
Оқушыға қандай да бір сабақпен жұмыс істеу тапсырылғанда, Мектеп бақылаушысы оның оқулығында берілген сабақтың тұсындағы “Сабақ берілген күн” деп аталатын қатарға қарындашпен жұмыс істей бастаған күннің датасы жазылғанын қадағалауы керек. Оқушы бұл сабақпен жұмыс істеп біткен соң, сол сабаққа қатысты жаттығуды (не жаттығуларды) орындаған-орындамағанын оңашада сұрап көр. Егер орындаса, сол жердегі төртбұрыштың ішіне белгі қойылу керек. Ал егер сол сабақпен жұмыс істеуді жалғастыру керек болса, қосымша ештеңе жазудың қажеті жоқ, жай ғана “Сабақты орындап біткен күн” деген қатарды бос қалдыр. Оны оқушы өзге сабаққа көшкенде ғана толтыру керек. Бұдан басқа, 82-беттегі шартты жағдайлардың тізімінде шартты жағдайдың тұсына оны қолданған күннің датасын жазып қою керек. Кеңес бланкісі де, шартты жағдайлар тізімі де әр сабақпен екі реттен жұмыс істеуге мүмкіндік беретіндей етіп құрастырылған. Оқушылар оқулықты өздерімен бірге Мектепке әкеп жүрулері керек.
Оқушыларға бір-бір сабақтан тағайында. Әдетте сабақтарды келтірілген ретімен берген жақсы. Ал егер оқушының қабілеті жақсы болса, оны өзге сабақтарды өз бетінше зерттеп, ондағы кеңестерді қолдануға шақырса болады. Ал Мектепте, сенің ойыңша, оның шешендік және тәлім беру қабілетін арттыруына әсіресе септігін тигізетін сабақтармен жұмыс істесеңдер болады.
Әрбір сабақтағы материалды зерттеп, әрі оны қолданғандары Мектепке жазылғанына көп жыл болғандарға да зор пайда әкеледі. Егер оқушының ерекше қажеттілігі болса, кеңес бланкіндегі тізімді қатаң ұстанбай, қандай сабақпен жұмыс істеу керектігін өзің таңдап берсең болады.
Кеңесті қалай беруге болады? Кеңес бергенде Киелі кітаптағы принциптерді көрсетіп, сондағы мысалдарды келтіруге тырыс. Оқушылар кеңестің өзі де, оның берілу рухы да Құдай Сөзіндегі жоғарғы принциптерге сай келетінін көрулері керек.
Бауырластарыңмен ‘бірге еңбектенуші’ екеніңді ұмытпа (Қор. 2-х. 1:24). Шешендік және тәлім беру қабілетін жақсарта түсу үшін саған да олар сияқты бар ынтамен жұмыс істеу керек. “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабын жеке зерттеу мен ондағы кеңестерді қолдану жағынан өзгелерге үлгі көрсет.
Оқушыларға көпшілік алдында жақсы оқуды үйренуге, шебер баяндамашы және жақсы тәлім беруші болуға көмектесуді мақсат етіп қой. Бұған қол жеткізу үшін сабақтың мәнісі мен маңыздылығын түсінулеріне, сондай-ақ сөйлеу шеберлігін жақсартуларына түрлі жолдармен көмектесуге тырыс. Бұл оқулық осы міндетіңді атқаруға жеңілдік беретіндей етіп құрастырылған. Бірақ көбінесе сенен одан бірдеңені жай оқып беру ғана емес, оның мәнісін талқылап, қалай қолдануға болатынын көрсетіп беру талап етіледі.
Егер оқушы тапсырмасын жақсы орындаса, оған мақтау айт. Қайсы жері жақсы болғанын және оның неге маңызды екенін қысқаша айтып өт. Егер қандай да бір нәрсенің үстінен жұмыс істеу керек болса, оның себебін түсінгеніне көз жеткізіп ал. Оны қалай істеуге болатынын талқыла. Нық та нақты айт, бірақ жұмсақ бол.
Көпшілігіне топтың алдына шығып сөйлеу оңайға соқпайтынын ұмытпа. Егер адам тапсырманы жақсы орындай алмадым деген ойда болса, бұдан әрі әрекет етудің қажеті бар ма деп ойлауы мүмкін. ‘Майысқан таяқты сындырмаған’ не ‘бықсыған білтені де сөндірмеген’ Исадан үлгі ал (Мат. 12:20). Оқушының сезімін ескер. Кеңес беріп жатқанда, ол Мектепке жаңадан жазылған ба, жоқ әлде тәжірибелі жариялаушы ма, соны да ескер. Жылы-жұмсақ, шын көңілден айтылған мақтау сөздер адамға дем беріп, әрі қарай да әрекет етуге талпындырады.
Ешқашан оқушының қадір-қасиетін түсірме. Римдіктерге 12:10-да: ‘Бір-біріңді өз бастарыңнан артық сыйлаңдар’,— делінген. Бұл кеңес Теократиялық қызмет мектебінің бақылаушысы үшін қаншалықты орынды десеңші! Егер оқушылар сенен үлкен болса, Тімотеге 1-хат 5:1, 2-ғы нұсқауларды жақсылап қолдан. Егер бірдеңені өзгерту керектігі туралы кеңес беру керек болып, ол жылы-жұмсақ айтылса, қай жастағы адамға болмасын, оны қабылдау жеңіл болады (Нақ. с. 25:11).
Кеңес беріп жатқанда, тәлім алудың мақсатына әрдайым баса назар аудар. Тәлім алудың мақсаты — мақтау сөздер естіп, кейінгі сабаққа өту не шешендік және тәлім беру қабілеттерімен өзгелерді таңғалдыру емес (Нақ. с. 25:27). Біз сөйлеу дарынын Ехобаны мадақтау үшін және өзгелердің оны біліп, сүюіне көмектесу үшін қолданғымыз келеді. Біз Матай 24:14 пен 28:19, 20-да айтылған істі жақсы атқару үшін тәлім алып жатырмыз. Шомылдыру рәсімінен өткен, талаптарға сай келетін ер бауырластарға уақыт өте келе, баяндамашы және тәлімгер ретінде “Құдайдың ‘отарына’” қамқорлық жасауды ұсынуы мүмкін (Пет. 1-х. 5:2, 3).
Оқушыларға берілген сабақты тапсырма алғаннан кейін бірнеше күннің ішінде оқып шығуға кеңес бер. Ондағы кеңестерді Мектеп тапсырмасын дайындауда, күнделікті әңгімелескенде, қауым кездесулері мен уағыздау қызметінде қолдануға талпындыр.
Тапсырмаларды қалай беру керек? Әдетте тапсырмаларды, ең кем дегенде, үш апта бұрын мүмкіндігінше тапсырма бланкісіне жазып беру керек.
Қауымға тәлім беруге арналған бағдарлама бөліктері, мүмкіндігінше, оларды жақсы орындай алатын ақсақалдарға не өздерін жақсы тәлімгер етіп көрсете алған қызмет көмекшілеріне тапсырылу керек.
Оқушыларға арналған тапсырмалардың қайсысын ер бауырластарға, қайсысын әйел бауырластарға беру керектігін шешуде Мектепке арналған бағдарламадағы нұсқауға жүгін. Егер қауымда әйел бауырластарға қарағанда, ер бауырластар аз болса, ер бауырластарға оқып беру тапсырмасынан басқа да тапсырмалардың жеткілікті болуын қамдан.
Тапсырма беріп жатқанда, бауырластардың жағдайын ескер. Мысалы, сол күні қызмет кездесуінде тапсырмасы бар, яки сол аптада баяндама айту керек ақсақалға не қызмет көмекшісіне Мектептен тапсырма беру міндетті түрде ме? Сол күні баласының тапсырмасы бар әйел бауырласқа тапсырма беріп жатудың қажеті бар ма, бәлкім, ол баласына көмектесу керек шығар? Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушыларға лайықты тақырыптарды таңдауға тырыс. Материалдың мазмұны мен оның қалай айтылу керектігі берілген сабақпен жұмыс істеуге ыңғайлы болатын-болмайтынын тексер.
Әйел бауырластар, оқулықтың 78, 82-беттерінде айтылғандай, шартты жағдайларды әдетте өздері таңдайды. Оған бір көмекшіні тағайындау керек, бірақ көрсетуге екі көмекші қатысса да болады. Егер әйел бауырлас шартты жағдайына лайық келетін біреуді тауып, тапсырмасын сонымен дайындауды өтінсе, мұнысын ескер.
Қосымша сыныптар. Егер Мектепке жазылғандардың саны 50-ден асып жатса, оқушылардың тапсырмаларын бір уақытта бірнеше жерде тыңдауға болады. Қажеттілікке байланысты сыныптарды оқушылардың тапсырмаларының бәрі не соңғы екеуі үшін ұйымдастыруға болады.
Әр сыныпқа кеңес беруге лайықты болатын бауырлас, мүмкіндігінше ақсақал, тағайындалуы керек. Қажет болған жағдайда, бұл міндетті қабілетті қызмет көмекшісі атқара алады. Кеңес берушілер ақсақалдар кеңесі лайықты деп тапқан бауырластар болу керек. Мектеп бақылаушысы олармен тығыз қызметтес болу керек. Сонда оқушы қай сыныпта тапсырмасын орындаса да, оған ретімен кеңес берілуіне қам жасай алады.
Оқуды үйренуге арналған сабақтар. Ақсақалдар кеңесі кейбіреулерге кездесу өтетін тілде оқи алуына көмектесуді шешуі мүмкін. Оқуды үйрену сабақтарын Теократиялық қызмет мектебінің тапсырмаларына қосуға болады. Мұндағы мақсат — сауатты оқуға үйрету не оқи білу қабілетін жақсарту болуы мүмкін.
Оқуды үйрену сабағын міндетті түрде оқушылар Теократиялық қызмет мектебінде тапсырма орындап жатқанда өткізу керек емес. Кейде көмек беруге бұл уақыт аз болуы мүмкін. Қандай көмек керектігін және сабақтарды қалай өткізу керектігін жергілікті ақсақалдар шешеді. Қажеттілікке қарай, сабақтар топпен не жеке-жеке өткізілуі мүмкін.
Бұл сабақтарды өткізуге жақсы оқытушы керек. Мүмкіндігінше, ол жақсы оқи алатын әрі тілді жақсы меңгерген ер бауырлас болғаны жақсы. Егер мұндай бауырлас болмаса, ақсақалдар бұл істі атқаруды қабілетті, үлгілі әйел бауырластан өтінуі мүмкін. Сабақ өтіп жатқанда, оның басы жабулы болу керек (Қор. 1-х. 11:3—10; Тім. 1-х. 2:11, 12).
Сауаттылыққа үйрету үшін көптеген тілдерде “Оқу-жазуды үйренейік” деген брошюра шығарылған. Оқушылардың білім деңгейіне байланысты өзге де әдебиеттерді қолдануға болады. Олар әжептеуір жақсы оқи алатын дәрежеге жеткенде, Теократиялық қызмет мектебінің бағдарламасына қатысуға талпындыру керек.
Теократиялық қызмет мектебінің бақылаушысы ретінде қауымға зор пайда келтіре аласың. Жақсылап дайындалып жүр, сондай-ақ Римдіктерге 12:6—8 дейінгі тармақтарға сай, міндетіңді Құдайдың берген құнды сыйы деп қарастыр.